Басты Жаңалықтар Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

Түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Әзербайжанның Габала қаласында өткен саммитте Мемлекет басшысы бауырлас елдерді бірлікке үндеді. Себебі жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр, түрлі қақтығыстар жиіледі. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев шекарасы жоқ кибер қатерге қарсы күресу үшін ортақ кеңес құру керек екенін айтты. Әрі елдердің алыс-берісін көбейтіп, энергетикалық әлеуетін арттыруға арналған бастамалар көтерді. Сонымен түркі елдері қандай келісімге келді? 

Габала. Тау бөктеріндегі шағын ғана елді мекен. Алайда 2 мың жылдан аса тарихы бар шежірелі жер. Тұмса табиғат аясына түбі бір түркілердің басшылары түгел жиналды.

Ұйымға былтырдан бері Қырғыз елі төрағалық етті. 120-дан аса іс-шара ұйымдастырылды. Енді бұл міндет Әзербайжанға жүктеліп отыр. Биылғы саммит тақырыбы «Өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік» тақырыбына арналған. Жалпы, тарихы тамырлас елдердің бұл басқосуы 2009 жылдан бері дәстүрге айналған. Ал 2021 жылы ресми түрде бауырлас елдер бірлестігі ұйым мәртебесін алды. Ауызбіршілігі жарасқан ағайын елдерге қызығушылық танытып жатқандар көп. Президент ұйым аясын кеңейту бастамасын көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз.

Қазір ұйымға 5 ел ресми мүше. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Әзербайжан және Түркия. Сонымен қатар Түрікменстан мен Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие. Бұл елдерде 175 млн-ға жуық халық тұрады. Алып күш, үлкен нарық. Экономикалық әлеуеті зор. Мемлекеттердің тауар айналымы – 1 триллион 100 млрд доллардан асады. Ауқымды мүмкіндіктермен қатар, ортақ қауіп-қатер де бар. Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елдердің шекараға бағынбайтын жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын айтып, киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі.

2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беру қажет. Осылай деген Президент түркі инвестициялық қорының мүмкіндігін мейілінше пайдалануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұйымға қатысушы әр мемлекеттің өзіне тән артықшылығы және жетістігі бар. Соған қарамастан Ұйым аясында сауда-экономика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін нақты тетіктер ұсынылған. Соның бірі – Түркі инвестициялық қоры. Осы қаржы ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек. Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді.

Түркі елдері батыс пен шығысты жалғап жатқан алып аумақта орналасқан. Көлік-логистика әлеуеті жоғары. Мәселен, соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсіп отыр. Президент Транскаспий бағдары бойындағы әуежай мен вокзал және порттар құрылысына атсалысуға шақырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жуырда Астанада Alem.Ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда энергетика мәселесіне де баса мән беру керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға қатысты да бірнеше ұсыныс айтты. Мәселен, келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізу бастамасы көтерілді. Сонымен қатар Президент түркі әлемін зерттеушілер клубын құруды ұсынды. Ал саммит қорытындысы бойынша Президенттер Габала декларациясын қол қойды.


Бөлісу