Алматыда ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтті

28.11.2018

«Махаббат жырлары». Осындай атпен Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтті. Өнер кешінде елімізге танымал эстрада жұлдыздары ән шырқады. Сондай-ақ, ақын тың туындыларымен қатар, көрерменнің сұрауымен таңдаулы өлеңдерін өзі оқып берді. 

Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Иран-Ғайыптың шығармашылық кешін алматылық талғампаз көрермен сағынып қалған. Сондықтан, көптің сұрауы сөз құдіреті өлең болды. Ал, көпшіліктің тілегін орындап, бірнеше өлең оқыған ақын барға қанағат, жоққа сабыр етудің де бақытқа жеткізетінін тілге тиек етті. 

Иран-Ғайып, ақын-драматург:

- Қай нәрсеге болсын еңбегіңді сіңіріп барып, бақытқа жетесің. Оңай бақыт жоқ. Я махаббатта, я мархабатта, я билікте, я қайыршылықта да табаныңды тоздырмасаң, қарның тоймайды.

Роза Рымбаеваның тікелей ұйымдастыруымен өткен концерт ақынның тынысын қайта ашқандай. Бұлай дейтініміз, қаламгердің сөзіне жазылған әндер осыдан 11 жыл бұрын 60 жасқа толған мерейтойында Алматы аспанында әуелеген. 

Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:

- Көптен бері көрермен қашан Иран-Ғайыптың әндерін орындайсыз, қашан Иран-Ғайыптың кеші болады деп сұрап жүрді. Міне, сол кешке жеттік.

Шығармашылық кеште ақын Иран-Ғайыптың сөзіне жазылған әндер шырқалды. Бағдат Сәмединова, Гүлнұр Өмірбаева және Толқын Забирова сынды елімізге танымал әншілер  көрерменді әуезді әндерімен бір серпілтті. Сондықтан, ойлы дүниеге сусап жүрген көрермен өнерпаздарға зор қошемет көрсетті. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу