Ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтті

27.11.2018

«Махаббат жырлары». Осындай атпен халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтті. Өнер кешінде елімізге танымал эстрада жұлдыздары ән шырқады. Сондай-ақ, арқалы ақын тың туындыларымен қатар, көрермен сұрауы бойынша таңдаулы өлеңдерін өзі оқып берді. 

 

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Иран-Ғайыптың шығармашылық кешін алматылық талғампаз көрермен сағынып қалған. Сондықтан, көптің сұрауы - сөз құдіреті өлең болды. Ал, көпшіліктің тілегін орындап, бірнеше өлең оқыған ақын барға қанағат, жоққа сабыр етудің де бақытқа жеткізетінін тілге тиек етті. 

Иран-Ғайып, ақын-драматург:

- Қай нәрсеге болса да, еңбегіңді сіңіріп барып, жетесің бақытқа. Оңай бақыт жоқ. Я махаббатта, я мархабатта, я билікте, я қайыршылықта да табаныңды тоздырмасаң, қарының тоймайды.

 

Роза Рымбаеваның тікелей ұйымдастыруымен өткен көнцерт ақынның тынысын қайта ашқандай. Бұлай дейтініміз - қаламгердің сөзіне жазылған әндер осыдан 11 жыл бұрын 60 жасқа толған мерейтойында Алматы аспанында әуелеген. 

Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:

- Көптен бері ағамыз көрінбей кетті. Көрермен де сұрап жүр, «қашан Иран-Ғайыптың әндерін орындайсыз?», «қашан Иран-Ғайыптың кеші болады?», деп. Міне, сол кешке жеттік. Бізге қолдау көрсеткен әкімдікке, осы сарайдың басшылығына рахмет айтамын.

 

Шығармашылық кеште ақын Иран-Ғайыптың сөзіне жазылған әндер шырқалды. Бағдат Сәмединова, Гүлнұр Өмірбаева және Толқын Забирова сынды елімізге танымал әншілер көрерменді әуезді әндерімен бір серпілтті.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу