Ұлыбританияда тәртіпсіз оқушыларға қарсы іс-шаралар күшейтіледі
Ұлыбритания билігі мектептердегі тәртіп бұзушылықты азайтып, сабақтан жиі қалатын оқушыларға қарсы шараларды күшейтпек. Сондай-ақ Білім министрі балалардың тәрбиесіне ең әуелі ата-ана жауапты екенін айтып отыр. Статистикаға сәйкес, сабақтардың алғашқы жарты сағаты үй тапсырмасын тексеруге емес, тәртіпсіз балаларды тезге салумен өтеді. Соңғы уақытта бұзақылыққа бейім оқушылардың саны өсіп, оларды мектептен шығару деректері рекордтық деңгейге жеткен. Сондықтан министрлік 5 мың мектепке қолдау көрсетуді жоспарлап отыр: тегін үйірмелер ашылады, оқушылардың психикалық денсаулығына баса мән беріледі.
Бриджит Филлипсон, Ұлыбритания Білім министрі:
Қазір көптеген мектеп жартылай қуатпен ғана жұмыс істеп, талапқа сай білім бере алмай келеді. 600-ден аса оқу орны Білім сапасы инспекциясынан «қанағаттанарлықсыз» деген баға алған. Ол мектептерде 300 мыңнан астам бала оқиды.
Министр ата-ананың да жауапкершілігін арттырып, оларды бала тәрбиесіне
белсендірек араластыруды көздеп отыр. Жақсы нәтиже көрсетіп жүрген мектептер әлсіз
оқу орындарын қамқорлығына алады. Білім саясаты институтының дерегінше, сабақтан
себепсіз қалып, сыныптастарынан үлгерімі бойынша артта келетіндердің көпшілігі
тұрмысы нашар отбасынан шыққан балалар.
Натали Перейра, Білім саясаты институтының атқарушы директоры:
Елдегі әлеуметтік көмектің қысқаруы ең алдымен кедей отбасыларға ауыр соққы болды. Бұған қоса, пандемия да экономикаға ғана емес, білім беру жүйесіне де теріс ықпал етіп, бай мен кедей арасындағы алшақтықты ұлғайтты. Соңғы он жылда жеткен жетістігімізді жоққа шығарды деуге болады.
Жалпы, Англия оқушылары сабақтан себепсіз қалған әр күніне ақша төлейді. Өткен жылы жарты миллионға жуық бала айыппұл арқалаған. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 53%-ға артық. Жазда айыппұл мөлшері 60 фунттан 80 фунтқа, яғни шамамен 50 мың теңге дейін көтерілді. Алайда сарапшылар егер мәселенің түпкі себептері шешілмесе, бәрі бекер деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
