Басты Жаңалықтар Тоғызқұмалақ күні әлемнің 50 елінде аталып өтуде

Тоғызқұмалақ күні әлемнің 50 елінде аталып өтуде

Бүгін тоғызыншы айдың тоғызы – тоғызқұмалақ күні. Бұл мерекеге орай Астана, Алматы және өзге өңірлерде арнайы флешмоб өтті. Қатысушылар сағат тілі дәл тоғыздан тоғыз кеткенде ойындағы алғашқы жүрістерін жасады. Мұндай шара тек Қазақстанда емес, әлемнің 50 елінде ұйымдастырылуда. 2020 жылы ЮНЕСКО ұлттық ойынды әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізген еді. Бүгінде тоғызқұмалақты ел бойынша 200 мыңнан астам адам тұрақты ойнайды. Төл ойынның дамуына заманауи технологиялардың да үлесі бар. Мәселен былтыр онлайн жарысқа жүзден астам мемлекеттің IP адресінен адам қатысқан. Ал биыл алғаш рет тоғызқұмалақ чемпиондары жасанды интеллектімен сайысқан. Сондай-ақ ұлттық ойын Ұлыбритания, Польша және Канададағы зияткерлік платформаларға енген.

Сырым Жоламан, А.Байтұрсынұлы атындағы Binom school 8-сынып оқушысы:

Иә, алдын ала дайындық болды. Бізге сынып жетекшіміз айтты тоғызқұмалақтан жарыстар болады. Соған қатысатын оқушылар бар ма деген кезде, мен ұстазға өзімді айттым. «Мен өзім үшінші сыныптан бері ойнап келе жатырмын тоғызқұмалақты. Тақ сан түсіп қалатын кезде қиын боп қалады және тастарың көбейген кезде қобалжып қаласың. Бірақ негізі жақсы ойлансаң, ары-қарай жеңіп кетуге болады.

Әлихан Байменов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті:

Негізгі мақсаты – тоғызқұмалақты насихаттау. Қазір Румынияда, Чехияда, Кореяда, Бангладеште, Колумбияда, көптеген жерлерде шаралар өтуде. Ендеше тоғызқұмалақ – қазақ мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Оны дамыту – біздің перзенттік парызымыз.

Темірлан Нұрсолтан


Бөлісу