Семейде Конституциялық сотқа азаматтардан 11 мың өтініш түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде Конституциялық сотқа азаматтардан 11 мың өтініш түскен

23.08.2025

Семейде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында құқықтық саланы жетілдіру және азаматтарға құқықтық көмек берудің тиімділігін арттыру жайы талқыланды. Әділет министрлігі заң қызметтерінің сапасын жетілдіру үшін салаға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негіздерін енгізіп келеді. Мәселен, Заң көмегі мобильді қосымшасымен ЖИ-құқықтық кеңесші жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. «Цифрлы нотариат» жобасы арқылы қазір нотариалдық іс-әрекеттерді қашықтан жүргізуге болады.

Сондай-ақ Конституциялық реформаның нәтижесінде құқық қорғау институттарының және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі көтерілді.

Қазақстанда Конституциялық сот қайта құрылды. Осы елеулі өзгерістердің бәрі саланың ілгерлеуіне, азаматтардың құқықтарын лайықты қамтамасыз етуге жол ашты дейді мамандар. Екі жарым жыл ішінде конституциялық сотқа әділдік іздеп, арызданған азаматтардың қатары айтарлықтай өскен.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары:

Осы уақыт ішінде бізге азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш түсті. Олар заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерге қатысты сұрақтар қояды. Конституциялық сот бүгінге дейін 73 нормативтік қаулы қабылдап, Заңның 20 нормасын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.


Хабарламаларға жазылу