Қостанай облысында өндірістік-логистикалық кешен құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында өндірістік-логистикалық кешен құрылысы басталды

23.08.2025

Қостанай облысының Тобыл кентінде өндірістік-логистикалық кешеннің құрылысы басталды. Аумағында астық, көгөніс және майлы дақылдарды сақтайтын қоймалар мен бірнеше өндіріс нысандары бой көтермек. Сондай-ақ халықаралық денгейдегі көлік-логистикалық хаб ашылады.

Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл кенті ірі темір жол желісі мен республикалық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Бұл жерден Ақтау теңіз порты мен Қытайға да шығуға болады. Логистикалық әлеуеті зор. Сондықтан шикізатты өңдеп, сақтауға, оны әрі қарай тасымалдауға әбден қолайлы.

Шыңғыс Балтабаев, учаске басшысы:

Май зауыты, металлоконструкция және мал азығына арналған ұн өндіретін зауыт салынады. Сондай-ақ сақтау қоймалары, екі желіден тұратын контейнер алаңы болады. Әр желіге 800 контейнерге дейін сияды. Логистикалық орталық та қарастырылған. Теміржолдың екі тармағы жүргізіледі.

Жалпы инвестициялық жобаның құны 10 млрд теңге. Жоспар бойынша, өсімдік майын өңдейтін зауыт жылына 219 мың тонна өнім шығаруы тиіс. Одан бөлек 370 мың тоннаға жуық ұн өндірілмек. 7 мыңға жуық тұрғыны бар шағын кент үшін жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Азамат Бердалинов, Тобыл кентінің әкімі:

Бір ауысымда кешенге 60 адам кірсе, жалпы 300–400 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар күзет қызметі, жүк тиеу-түсіру, есеп жүргізу сияқты қосымша жұмыс орындары да ашылады. Осындай логистикалық орталықтың салынатынын естігендер көшіп келуге ниеттеніп отыр.

Азатхан Шоқпатов, Бейімбет Майлин ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Май зауытына келсек, мұнда күнбағыс дақылы кең көлемде өсіріледі. Оның барлығы экспортқа бағытталады. Бұл жергілікті шаруа қожалықтарына өз өнімдерін өткізіп, сыртқы нарыққа шығаруға зор мүмкіндік береді.

Нысан құрылысы 100 гектар аумақты қамтиды. 2027 жылы логистикалық кешен толық іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ 2023 жылы ауданның Байшуақ ауылында 6 мың тоннаға жуық көкөніс сақтайтын замануи қойма салынған еді. Келер жылы тағы осындай екі нысан бой көтермек. Бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға сеп.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу