Түркістан облысында мектеп оқушылары батырлар жырын жатқа айтып, сайысқа түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мектеп оқушылары батырлар жырын жатқа айтып, сайысқа түсті

01.10.2018

Әдебиетке құмар, жады мықты шәкірттер бұл жолы көпшілік алдында «Алпамыс батырды» жырлады. Осымен екінші рет өткізілген «Жақсылар, дастан айтсын...» байқауы рухани жаңғыруға леп қосып, рухы мықты, намысты, қайсар ұрпақ  тәрбиелеуді мақсат тұтып отыр.

Жетінші сынып оқушысы Ержан әдебиет пәні мұғалімі екеуі байқауға 2 ай бойы дайындалды. Күн-түн демей «Алпамыс батырды»  жаттады. Өйткені, байқау шарты бойынша дастанның қазылар алқасы айтқан кез келген тұсынан мүдірмей жалғап кетуі керек.

Елжан Жандосұлы, байқауға қатысушы:

-Жаттаған кезде өзімді ержеткендей ұстадым. Мақам үйреніп, әртістік шеберлігімді шаңдадым. Сол арқылы менің миым өсті, өзім де өстім.

Ал, Шардара ауданының шәкірті Әсел болса, бұл байқауға осымен екінші рет қатысып отыр. Былтыр «Қамбар батыр» жырын жатқа айтқан болатын. Бұл жолы дайындыққа барын салды. Жырды да жаттады, әдебиет теориясын да жадына тоқып келді. 

Әсел Төлеп, байқауға қатысушы:

-Жаттаған сайын әсер аламын және олардың ерлігі мені қызықтырады. Олар қайырған кезде мен де қайғырамын. Басқа өлеңдерден гөрі маған батырлар жыры мен лиро-эпостық жырлар ұнайды.

Байқауға Елжан мен Әсел секілді 33 оқушы қатысты. Олар өңірдің аудан қалаларында өткізілген байқаудан іріктеліп шыққан үздіктер. Қазылар алқасы олардың жырды мәнерлеп жеткізуіне, сахналық киімдері мен іс-әрекеттеріне ерекше назар аударды. Екінші, үшінші кезеңде балалар көнерген сөздердің мағынасын түсіндіріп, әдебиет бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді.

Абай Балажан идея авторы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы:

-Біздің ұлттық кодымыз Елбасы айтқандай, ол тура осы эпостық жырларда, фольклорымызда. Оларды оқып өскен бала ертең әдебиетті оқып өседі, сонан соң еліне қызмет етеді.

Озық ойлы оқушылармен бірге мектеп мұғалімінің мәртебесін көтеруді мақсат еткен байқау қорытындысында Отырар ауданынан келген оқушы бас жүлдені қанжығалады. 200 мың теңге сый алды. Ал оның ұстазы су жаңа көлік мінді. Жүлдеден Әсел де құр қалмады. Бірінші орынды иемденіп, ұстазы екеуі ауылға мерейі тасып қайтты.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу