Қарттармен дос болған робот - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарттармен дос болған робот

28.07.2025

Аустралиядағы қарттар үйінде енді роботтар қызмет етеді. Олар қариялармен әңгімелесіп, керек кезде қолдау көрсетеді. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубайдағы мейрамхананың мәзірін жасанды интеллект әзірлейді. 

Бұл - Аби. Қарттар үйінде қызмет ететін робот. Ол егде жастағылармен сырласып, әңгіме-дүкен құрады. Бойы 110 см, ашық түстерге боялған техниканың мақсаты да сол – жалғыз қалғандардың қуанышы мен қайғысына ортақ болу. Оны Аустралиядағы Andromeda Robotics стартапы жасап шыққан. Робот адамның жүзін танып, мінез-құлқына қарай бейімделеді. Әңгімелерді жадына сақтап, 90 тілде еркін сөйлейді.

Грейс Браун, Andromeda robotics компаниясының негізін қалаушы:

Қариялар оған өміріндегі оқиғаларын, махаббат хикаяларын, отбасы жайлы естеліктерін айтып береді. Олар оны робот деп емес, дос ретінде қабылдайды.

Осылайша, былтыр қыркүйектен бастап бірнеше қарттар үйінде жұмыс істей бастаған Аби күтім жасайтын мамандардың оң қолына айналған.

Жасанды интеллект – бас аспаз

Жасанды интеллект аспаздыққа да жетті. Мәселен, Дубайдағы мейрамханада бас аспаз - «Aiman» атты ЖИ. Тағамдарды, әдеттегідей, адамдар дайындайды. Ал жасанды интеллект мәзірді әзірлейді. Жобалаушылар бұл модельге ондаған жыл бойы тағамтану саласында жиналған деректерді енгізген. Ол дәм татып, иіс сезе алмаса да, тағам құрамын сараптап, шешім қабылдайды.

Кхимрадж Непали, бас аспаздың орынбасары:

Бас аспазбен сөйлестім. Aiman-шеф маған асшаяннан жасалатын тағамның дайындау тәсілін айтты. Енді сол тағамды әзірлеймін.

Нашат Акрам, мейрамхана қонағы:

Жалпы, жасанды интеллектіні инженерлік жобаларда, қандай да бір нәрсені құрастыруда қолдануға болатыны белгілі. Алайда оны ас үйде пайдалану – меніңше, өте ерекше әрі тосын идея.

Tesla-ның жаңа моделі шыға бастайды

Өткен айда Tesla көлігінің жаңа моделі құрастырылды. Енді компания оның жаппай өндірісін жыл соңына жоспарлап отыр. Бұл автомобиль сатылымы төмендеп бара жатқан модельдердің қатарын жаңартып, нарықтағы арзан электромобильдермен бәсекелестікті күшейтеді деп болжанып отыр.

Темірлан Нұржанұлы

Хабарламаларға жазылу