Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлікті кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өйткені, айналысатын істің ауқымы артқан сайын салық төлемі жеңілдейді. Бизнестің дамуына серпін беретін жаңа заңның артықшылықтары туралы әріптесім Данияр Әлімқұлдың тарқатады.
76 жастағы Әселкүл Дайырханова 20 жылдан бері шаруақожалық басқарады. 500 гектардан астам егістік пен жайылым жерді игеру арқылы жылына 30 млн теңгеден астам табыс табады. Енді кіріс көлемін бірнеше жылда 30 есеге арттыруды көздейді. Ал бұл ретте мол табыс аз салықтың кепілі екенін айтады.
Әселкүл Дайырханова, шаруа қожалығының жетекшісі:
Оның 10%-ы салық ұстап отыратын. Енді, міне, балаларым мен немерелерім шаруашылықты кеңейтіп, үлкейтсе, біз бар болғаны 4,5%-ға дейін ғана салық төлей алады екенбіз. Бұл шаруа қожалығы үшін үлкен жеңілдік әрі жақсы мүмкіндік.
Иә, өйткені табысы жылына 230 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын шаруалар осындай мөлшерде салық төлейді. Яғни, сізге жылына 900 млн теңгеден көп кіріс кірсе, оның тек 4,5%-на салық салынады. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге Корпоративтік табыс салығы бұрынғыдай 3% күйінде қала береді.
Ал сіздің тұтынушы ретінде алған тауарыңызға, қызметке қосылатын құн салығы 16% болады. Бірақ бұл көлем медициналық қызмет көрсететіндерге 5%, 2027 жылы 10% бекітілді. Демек медициналық мекемелер салық мөлшері аз болғандықтан науқастарға қымбат бағада қызмет көрсетпейді. Ал кей кәсіп иелері бұл салықты мүлде төлемейді.
Ғалым Қасабай, жеке кәсіпкер:
Соның бірі газет пен баспа өнімдеріне қатысты заңда жақсы көрсетілген. Онда бұрын 12% болған ҚҚС алынып тасталды. Қазір бұл көрсеткіш 16% болғанымен, егер айналым 40 млн теңгеден аспаса, ол салық төленбейді.
Салық түсімі мемлекет пен азаматтардың жағдайын жақсартуға жұмсалады. Сарапшы сөзінше, ҚҚС-ның төменгі шегі 40 млн теңге болатыны шағын кәсіпке шырай бітірмек.
Қарлығаш Тастанбекова, экономист:
ҚҚС тіркелу шегі 15 миллион теңге болған жағдайда, бұл көптеген жеке кәсіпкерлер үшін қиындық туғызар еді. Дамыған елдерге қарасақ, ондағы ҚҚС мөлшері әртүрлі 5%-дан бастап 27%-ға дейін жетеді. Демек, болашақта бізде де бұл көрсеткіштің өсуі ықтимал. Алайда оның негізгі мақсаты экономиканың ілгерілеуіне ықпал ету.
Салық салу жүйесін жаппай жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексі келесі жылы күшіне енеді. Яғни қаңтардан бастап салық есептеу көлемі 30%-ға қысқарады, салықтың саны 20%-ға азаяды.
Данияр Әлімқұл
