Қазақтың әні Африка даласында әуелейтін күн алыс емес. Алматыдағы «Москва-8» кинопаркінде Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмда» әніне түсірілген жаңа клиптің тұсауы кесілді. Әнді орталық Африкадағы Конго елінің өнерпаздары қазақ тілінде орындайды. Олар өнерде шекара жоқ деген тәмсілдің растығын тағы бір көпшілікке танытқандай.
Шәмшінің әнін нақышына келтіріп шырқап тұрған «Джамбо-Джамбо» тобының мүшесі, Конго елінің танымал әншісі – Райса Лолинго. Оның қазақ тілін үйреніп жүргеніне көп уақыт болған жоқ. Дегенмен, әнді орындау аса қиын болмапты. «Бастысы, ниет болса жеткілікті», - дейді өнерпаз.
Райса Лолинго, «Джамбо-Джамбо» тобының әншісі/Конго/:
- Қазақша ән айту мен үшін үлкен бақыт. Дегенмен, сөздің заңдылығын бұзбай жеткізу жағында аздап қиындықтар болды. Болашақта басқа да әндерді шырқасам деймін.
Обиди Бомоло, «Джамбо-Джамбо» тобының продюсері /Конго/:
- «Джамбо-Джамбо» деген атау адамның көтеріңкі көңіл-күйін білдіреді. Көптің көңілін көтеруді мақсат еткен өнерпаздар қазақ әнінің ішінен көңілді айтылатын осы әнді өздерінің табиғатына жақын деп таңдаған.
Обиди Бомоло, «Джамбо-Джамбо» тобының продюсері /Конго/:
- Біздің топ қазақша ән айтуды Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмынан» бастады. Осы әнді таңдау арқылы композитордың ұлымен таныстық. Ол бізге әнді орындауға рұқсат берді. Біз оны заманауи нақышта өңдедік. Болашақта басқа да сазгерлермен жұмыс істегіміз келеді.
Өнерліге өріс кең деп білетін «Джамбо-Джамбо» тобы осылай қазақ өнерін әлемге танытпақ ниетте. Қазір қазақтың халық әндерінің ішінен екпінмен айтылатын әндерді үйренуге ден қойған. Бұл бағытта олар еліміздің музыкалық мұрасын терең зерделеп, жауынгерлік рухтағы туындыларды таңдап алмақ.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.