Қайрат Нұртастың «Мазала» әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесері өтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайрат Нұртастың «Мазала» әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесері өтпек

05.12.2015
Қайрат Нұртастың «Мазала» әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесері өтпек

8 желтоқсанда «Хан шатыр» ОСО-да Қайрат Нұртастың «Мен ғашықпын...» атты жаңа әндер жинағына енген «Мазала» әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесері өтпек.

Жас әртістің әрбір жаңа әні тыңдармандарды таңқалдырмай қоймайды. «Мен ғашықпын...» атты үздік 86 әннен құралған 12-жинағына әртістің көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерімен қатар жаңа әндері де кірді. Сондай-ақ, жақында ғана тыңдармандарға жол тартқан, сөзін Ш. Сариев, әнін Д. Шарипов жазған «Мазала» атты әніне түсірілген бейнебаянның да тұсауы кесіледі. Мәскеу қаласында түсірілген бұл бейнебаянның режиссері – А. Голубев.

Елорда тұрғындары мен қонақтары өздерінің сүйікті әншісімен кездесіп қана қоймай, қолтаңбасы қойылған дискті Қайраттың өз қолынан алу мүмкіндігіне ие болады. Қайрат Нұртастың жанкүйерлері бірінші болып әртістің өз аузынан алдағы шығармашылық кеші мен жоспарлары туралы еститін болады. Іс-шара «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасының форматында өтеді. Сонымен қатар, шара барысында 200 жаңа әндер жинағы мен 1000 дана Қайрат Нұртастың журналы таратылады.

Еске сала кетейік, осы жылдың ауқымды шарасының басты ұйымдастырушылары «Қазақстан» телерадиокорпорациясы және «Sapа Media group».

8 желтоқсан күні сағат 17:00-де  «Хан шатыр» сауда орталығында әншіні шығармашылығының 10 жылдық мерейтойымен жеке құттықтау және әртістің қолтаңбасын алу мүмкіндігін өткізіп алмаңыздар!

 

Хабарламаларға жазылу