Елімізге кірген барлық мигранттарға жеке ID-карта рәсімделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізге кірген барлық мигранттарға жеке ID-карта рәсімделеді

22.07.2025

Қазақстанда шетел азаматтары жасанды интеллектінің көмегімен бақыланады. Шекарадан кірген әр мигрантқа ID-карта жасалады. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр жауаптыларға 1 қарашаға дейін көші-қон процесін реттейтін цифрлық платформа әзірлеуді тапсырды. Шетелдіктерді бақылаудағы мақсат қандай?

Қазақстанға соңғы 3 жылда шетелдік азаматтардың ағыны 42 пайызға өскен. Биылдың өзінде елімізге өзге мемлекеттен 7 млн адам келген. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, арасында көші-қон заңын бұзатындары көп екен. Мәселен, елде болу мерзімін асыра пайдаланады. Одан бөлек, заңсыз жұмыс істегендер де анықталған. Тиісінше жыл басынан бері жергілікті ережені елемеген 200 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бауыржан Әленов, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

46 мың шетелдік көші-қон тәртібін бұзғаны үшін анықталды. Олардың 10 мыңы елден шығарылып, 5 жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар 2 мыңға жуық жұмыс беруші шетел азаматтарын заңсыз жұмыс күші ретінде пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Бірнеше шетелдік еңбек ету ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Енді Ішкі істер министрлігі көші-қонға қатысты заңды қатаңдатуды ұсынып отыр. Ал Премьер-Министр жедел түрде шекарадан кірген әрбір мигрантқа ID-карта жасауды тапсырды. Бұл Қазақстанға келген шетел азаматтарының қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанды мониторинг жүргізуге мүмкіндік бермек. Аталған бағытта жасанды инттелектті қолдану көзделіп отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Еңбек және Цифрлық даму министрліктері биылғы 1 қарашаға дейін барлық дерекқорды толық интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз етуі тиіс.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Биыл 1 млн-ға жуық шетел азаматы Қазақстанға келуге өтініш берген. ІІМ-нің дерегенше, 2020 жылдан бері Қазақстанға келетін шетелдіктер уақытша тіркеуден босатылған. Бұрын 5 күн ішінде есепке тұратын. Ал қазір олардың келгені туралы қабылдаушы тарап хабарлауға міндеттелген. Айта кету керек, бүгінде елімізде 212 мың шетелдік тұрақты түрде 430 мыңы уақытша тұрады.

Енді қандастар халқы аз өңірлерге қоныстандырылады

Үкімет отырысында айтылған тағы бір жаңалық енді Отанға оралған қандастарды халқы аз аймақтарға орналастыру жоспарланып отыр. Оларды да бақылау көзделген.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Осылайша, елге келген қандастардыэ тникалық демографиялық тапшылығы жоғары өңірлерге ғана қоныстандыру жоспарланып отыр. Бейімделу шараларын одан әрі жетілдіру, білім мен кәсіптік бағдар беру, тілдік интеграция, сондай-ақ тұрғын үймен қамту көзделуде. Интеграциялық үдерістер мен кері байланыс механизмдерінің тиімділігіне мониторинг жүргізу ұсынылады.

Қазір шетелдік мекемелер мен «Отандастар» қорының, сондай-ақ түрлі диаспоралардың көмегімен Migration.enbek.kz көші-қон платформасы аясында өзге елдерде тұратын қазақтардың тізімі әзірленіп жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу