Елімізде тұрмыстық газ баллондарын таңбалау пилоттық жобасы басталды. Әр балонның жарамдылық мерзімі – 30 жыл. «Біздегінің бәрі ескірген. Сондықтан жаппай жаңарту қажет»,- дейді сала мамандары. Сол себепті таңбалау идеясы қолдау тапты.
Павлодарда табиғи газ және газ тарату желілері жоқ. Тұрғындар тұрмыстық баллон пайдаланады. «Бала-шаға болған соң, уайымдаймыз. Оқыс жағдайлар туралы көп естиміз», - дейді қала тұрғыны.
Жұлдыз Баймағанбетова, қала тұрғыны:
Үйде газ тартылмаған. Әрдайым газ баллонын сатып аламыз. Арасында иіс шығып тұрады. Резинкесі ескіріп қалады. Ауыстырып отырамыз. Үйімізде бала-шаға көп қорқамыз.
Биыл 6 ай ішінде Астанада 4 рет тұрмыстық баллон жарылу фактісі тіркелген. Былтыр 1 жыл ішінде 13 рет осындай жағдай болды. Иә, статистика оқыс жайттардың азайғанын көрсетіп отыр. «Бірақ оны мүлдем болдырмау қажет», - деді төтенше жағдай мамандары.
Азат Тағаев, ҚР ТЖМ Өнеркәсіп қауіпсіздік комитетінің басқарма басшысы:
6 бағытта жұмыс атқарып жатырмыз. Бірінші, қадағалауды жүргізетін инспекторлардың біліктілігін арттыру бойынша, елімізде газ баллондарды өндіретін зауыт ашу бойынша, тағы да оны таңбалау бойынша да жұмыстар атқарып жатырмыз. Одан бөлек халықпен түсіндіру жұмыстары да қолға алынған.
Бүгінде айналымда 800 мыңнан астам тұрмыстық газ баллоны бар. Олардың жарамдылық мерзімі - 30 жыл. 5 жыл сайын мерзімді куәландырудан өткізу керек. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы баллонның бәрі де ескірген. Қоғам үшін қауіпті. Сондықтан газ баллондарын таңбалау маңызды.
Расул Туленов, ҚР ЭМ Газ өнеркәсібі департаментінің басқарма басшысы:
Әр аймақта алмастыратын пункт қоямыз. Сол жаққа ескісін тапсырып, жаңа баллонға ауыстыру жұмысы жалғасады сөйтіп. Бұл таңбалау халықтың қауіпсіздігін сақтауға, сол баллондардың өмірлік циклын қадағалауға, өндірістен бастап жұмысын, техникалық тексеруін, жасау мерзімін, бәрін қадағалау үшін жасалып отырған пилоттық жоба.
Сынақ мерзімі – 1 жыл. Әзірге таңбалау жұмысы Ақмола облысы мен Астана қаласынан басталды. Енді әр баллонға мынадай белгілер ілінеді. Ішіндегі кодты ашсаң, барлық ақпаратты көресің.
Мұхаммедхайдар Сейіт, «ТAÑBA» бірыңғай операторы таңбалау жобасының менеджері:
Ақпараттық жүйе болады. Онда газ баллонды құю станциялары арнайы код заказ береді. Ол кодтың ішінде газ баллон қашан құйылғаны, кімге сатылғаны, қай уақытта қай жерден алынғаны туралы ақпарат болады. Басқа тауар топтарынан айырмашылығы дәрі-дәрмек өнімдері 1 рет сатылып, 1 рет қолданысқа ие болады. Ары қарай ешқандай бақылау жүргізілмейді. Ал бұл жерде 1 газ баллоны жылына 5-6 рет қолданысқа енуі мүмкін.
Ақниет Балтанова, тілші:
Қауіпсіздік үшін ескінің бәрін есептен шығарып, жаңалау керек, - дейді жауаптылар. Бүгінде еліміздегі газ баллондарының барлығы Ресей, Қытай сынды көрші мемлекеттерден келеді. Десе де Қазақстанда өндірісті дамытып, өзіміздің өніммен толтыру жоспарда бар.
Ақниет Балтанова
