Бизнес үшін есеп беру азайды, ашықтық қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Маңызды құжатқа сай салықтық әкімшілендіру едәуір жеңілдейді. Мәселен, салықтық есептілік көлемі 30 пайызға, салықтар саны 20 пайызға азаяды. Қосылған құн салығы 16 пайыз боп бекіп, оның шегі 40 млн теңге болды. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қыметтерге қосылған құны салығы келер жылы 5 пайыз, ал 2027 жылы 10 пайыз болады. Яғни, женілдік жасалып отыр. Архелологиялық жұмыс жүргізу қызметтері мен баспалар салықтың аталған түрінен босатылды. Сондай-ақ зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке бас салығынан босатылды. Корпаративтік салықтар 20 пайыз деңгейінде сақталады. Дегенмен банктер мен ойын бизнесі үшін алым 25 пайыз болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
Осы заң жобасының қабылдануына үлес қосқандарға алғыс айтып, құттықтағым келеді. Жақтасқандар да болды, даттағандар да болды. Ең бастысы өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтындай баршаға тиімді шешім қабылданды.
Жаңа Салық кодексіне сай жылдық табысы 33 млн теңгеден асатын азаматтардан 15 пайыз алым алынады. Сондай-ақ құны 75 млн теңгеден қымбат автокөліктер мен құны 450 млн теңгеден асатын нысандарға мүлік салығы жоғарылайды. Ал арнаулы салық режимдері оңтайландырылды.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы:
Екі жылға жуық талқыланған мәселеге нүкте қойылды. Бүгінгі нәтижеге жету үшін қыруар жұмыс атқарылды. Бизнес өкілдерінің барлық бұйымтайы мен өтініштерін ескердік. Шағын және орта, тіпті өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарың талап-тілектері ескерілді.
Нұрсұлтан Тілектес
