Жамбыл жерінде жапон ғалымдары ел академиктерімен бірге археологиялық қазба жұмыстарын бастады. Олар Талас ауданынан табылған біздің заманымызға дейінгі 16 мың жыл бұрынғы Бүйрек бастау тұрағының топырақ қабатын толық зерттемек. Шетелдік ғалымдардың айтуынша, алғашқы адамдар қазақ даласында қалыптасып, жапон жеріне де қоныстанған. Екі елдің ерте замандағы ескерткіштері қатты ұқсайтындықтан, енді олардың нақты жасын анықтамақ.
Бүйрекбастау-Бұлақ тұрағын қазақ-жапон ғылымдары 8 жыл бұрын ашқан. Онда ошақ пен тас құралдар табылып, Жапонияның Нара университеті ғалымдары 16 мың жыл бұрынғы адамдар қолданғанын дәлелдеген еді. Алайда пандемияға байланысты зерттеу жұмысы тоқтаған болатын. Енді қазба жұмысы қайта жанданып, 10 шаршы метр аумақ зерттеліп жатыр.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Жапондар тас дәуіріндегі алғашқы қауымдық құрылыс адамдары мен өздерінің арғыдағы ата-бабалары Қазақ даласынан, оның ішінде Жамбыл жерінен тарағанын тарихи талдаулар арқылы болжап отыр. Сондықтан қазба жұмыстары кезінде осы Талас ауданынан табылған заттай деректердің нақты жасын Нара қаласында анықтамақ.
Ғалымдар Қазақстанда қалыптасқан алғашқы адамдардың ата қонысын зерттеу арқылы жапон тас дәуірінің де нақты жасын анықтамақ. Осылайша екі елдің көне заманға тән көшпенді байланысын көрсеткісі келеді.
Садакатсу Кунитаке, Нара ұлттық ғылыми-зерттеу институтының профессоры:
Қазақ жеріндегі тас дәуірі Жапон жеріндегі тас дәуірінің түпнұсқасы саналады. Өйткені Қазақстанның оңтүстігінде өмір сүрген алғашқы қауым адамдары Корея түбегі арқылы жапон аралдарына қоныстанған. Яғни, біздің арғы ата-бабамыз Еуроазиядан келгенін ертедегі ескерткіштеріміздің ұқсастығы айғақтайды. Жапонияда 40 мың жыл бұрынғы палеолит кезеңіне тән тұрақтар табылды.
Ал қазақ-жапон ғылыми экспедициясын академик, археолог Жәкен Таймағамбетовсыз елестету қиын. Өйткені, профессордың алғашқы адамдар қазақ жері арқылы Африкаға, Америкаға, ал Алтай арқылы Жапонияға барғаны туралы жазған ғылыми гипотезасымен әлем ғалымдары жақсы таныс.
Жәкен Таймағамбетов, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
2 метр 10 см тереңдіктен тағы да бір ошақ табылды. Сол ошақтың маңайынан тас құралдар табылып жатыр. Өйткені біз ойлаймыз ол жерде зертхана болған, бұрын сол ошақтың маңайында отырып, адамдар тас өңдеген. Бұл жерде 16 мың жылмен шектелмейді. Одан да ертеректегі жәдігерлер төменде болады деп ойлаймыз.
Жер қазған жапондықтар топырақтың қабаты мен ошақ күліне радиокөміртекті талдау жасамақ. Сол арқылы тас дәуіріндегі тұрақтың жасын анықтай алады. Ал оның қорытындысы қараша айында белгілі болмақ.
Данияр Әлімқұл
