Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдықты дайындау жөніндегі редакция алқасының алғашқы отырысы өтті. Басқосуда белгілі тарихшы-ғалымдар, қоғам қайраткерлері басылымның көне дәуірге арналған бірінші томын талқылады. Алғашқы бөліміне жетекшілік еткен Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы ұсынылған материалдың тұжырымдамасы, мазмұны мен құрылымы жайлы баяндады. Ал рецензентшілер тарихи еңбекке қатысты сарапшылық пікірін білдіріп, ұсыныс-тілегін ортаға салды. Редакция алқасының алдында тұрған негізгі міндет – көптомдықтың мазмұндық құрылымын, көрнекі суреттері мен картографиялық деректерін жан-жақты сараптап, бекіту және баспаға дайындау. Келесі отырыс тамыз айына жоспарланды. Кезекті жиында «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» еңбегінің екінші томы талқыланады.
Жазира Оразқызы
