Алматыдағы Алмалы ауданы соңғы 5 айда бюджетке 530 млрд теңге кіріс әкелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы Алмалы ауданы соңғы 5 айда бюджетке 530 млрд теңге кіріс әкелді

02.07.2025

Алматыдағы қарқынды дамып келе жатқан Алмалы ауданы соңғы 5 айда бюджетке 530 млрд теңге кіріс әкелді. Әсіресе кәсіпкерлік сала қарқынды дамып келеді. Бұл туралы аудан әкімі Арман Шамшин айтты. Оның сөзінше, аудан экономикасына 80 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылса, оның жартысынан көбі құрылыс саласына бағытталған.

Алмалы ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық беріліп келеді. Мәселен, №216 мектеп «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерді. Құрылысы 2023 жылы басталып, 1500 шәкіртке арналған білім шаңырағы жаңа оқу жылына сақадай сай.

Ербол Тұрайысов, құрылыстың басқарушы директоры:

Мектеп толық жаңа құрал-жабдықпен жабдықталған. 8 блоктан тұрады. 4 спорт зал бар, 1 акт залы, асханамыз бар 324 орынға арналған. Инклюзивті оқытуға да бүкіл жағдай жасалған.

Яғни, заманауи мектепте әр оқушының сапалы білім мен тағылымды тәрбие алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік мол.

Гүлнәз Тұңғышбаева, №216 мектептің кураторы:

«Келешек мектептерінің» мақсаты – келешектегі өзгерістерге, жаңа талаптарға бейімделуге ыңғайланып салынған мектеп. Бұл жерде барлық мүмкіндіктер жасалған. Әрбір кабинеттің ерекшелігі бар. Steam-кабинеттер, химияның биотехнология кабинеттері, одан бөлек өнер кабинеттері бар.

Алмалы ауданы үшін ерекше маңызға ие жобалардың бірі – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. Бастама қарқынды іске асып келеді. Биыл бұл бағытқа шамамен 2 миллиард теңге бөлініп отыр. Қаражат тұрғындардың ұсынысымен бекітілген жобаларды іске асыруға жұмсалмақ.

Арман Шамшин, Алмалы ауданының әкімі:

Үйлердің тұрғындарымен бірлесіп, «Халық қатысатын бюджетке» кіріп, дауыс беріп, осындай жұмыстарды жасап жатырмыз. Жалпы, Алмалы ауданы бойынша айтсақ, «Халық қатысатын бюджет»  арқылы 45 жобамыз бар. Оның ішінде 23-і үйге қатысатын жобалар.

Алмалы ауданы күн сайын көркейіп, дамып келеді. Биыл аудан тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды ондаған жоба жүзеге аспақ.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу