БҚО-да мемлекеттік қызметтің 98%-ы электронды түрде көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да мемлекеттік қызметтің 98%-ы электронды түрде көрсетіледі

01.07.2025

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтің 98%-дан астамы электронды түрде көрсетіледі. Бұдан 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 80 пайыз еді. Цифрлық технологиялар тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, көлік салаларында дендеп енгізіліп жатыр. Мәселен, iKomek-109 бірыңғай call-орталығы тәулік бойы тұрғындардан коммуналдық қызмет мәселелері бойынша өтініш қабылдайды. Жыл сайын байланыс орталығына 90 мыңға дейін қоңырау түседі. Цифрландыру өтініштерді жедел өңдеуге, жауап беру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтар eGov.kz, eLicense порталдарын, eGov мobile мобильді қосымшасын белсенді пайдаланады. Кәсіпкерлерге арналған арнайы egov.business қосымшасы жұмыс істейді. Халықтың цифрлық сауатын арттыру, мемлекеттік қызметті электронды түрде алуды насихаттау бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Нұрғиса Камашев, облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

Өткен жылы жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерімен 4 млн 18 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 3 млн 937 мың қызметі электрондық форматта ұсынылды. Бұл мемлекеттік органдардың да, аймақ тұрғындарының да цифрлық жетілуінің жоғары деңгейін айқын көрсетеді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу