Енді роботтар да спорттық шараларға қатысады. Қытайда темір техникалар футбол ойнап жарысты. Ал Нидерландтық компания жасанды интелектіге бет бұрып, 300 қызметкер жұмыссыз қалды.
Xiaomi-дің жаңа көлігіне сұраныс жоғары
Xiaomi жаңа YU7 электр көлігіне 18 сағат ішінде 240 мың тапсырыс қабылдаған. Мұндай сұраныстан кейін компания акциялары шарықтап, рекорд орнатты. Жаңа көліктің бағасы – 253 500 юань, бұл шамамен 35 300 доллар.
Компанияда 300 қызметкерді ЖИ алмастырмақ
Ал геолокация технологияларымен айналысатын Нидерландтық TomTom компаниясы жасанды интеллектіге негізделген жаңа стратегияға бет бұрды. Осылайша жұмыста 300 қызметкер қысқаратынын хабарлады. Бұл негізінен қолданба әзірлеу және сату мен қолдау қызметтерінің жұмысшыларына әсер етпек.
Робот гол салады
Бейжіңде роботтар доп теуіп сайысты. Алғаш рет адам тәріздес техникаларға футболдан турнир ұйымдастырылды. Бойы шамамен 1,5 метр болатын гуманоидтар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Әп-сәтте шешім қабылдай алады. Сүрінсе де, қайта тұрып доп қуалайды. Темірлер тартысында Тсиньхуа университетінің роботтары жеңіске жетті.
Доу Цзин, Robo League ұйымдастыру комитетінің басшысы:
Бұл жарыс еліміз үшін маңызды бастама ғана емес, роботтарды қоғамға бейімдеудің тиімді жолы. Жаңа формат өзара ғылыми ықпалдастықты дамытып, технологиялық жаңалықтарға серпін береді деп сенеміз.
Темірлан Нұржанұлы
