Аптап ыстық Өзбекстан халқын әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аптап ыстық Өзбекстан халқын әбігерге салды

30.06.2025

Өзбекстанда аптап ыстықтан рельстер қызып пойыздардың жылдамдығына шектеу енгізілді. Ал салқын жер іздеген жыландар тұрғындардың үйіне кіріп, тіпті ауа баптағыштың ішіне жайғасып алған жағдай тіркелді. Құтқарушыларда дамыл жоқ, сәт сайын шақырту түсіп жатыр.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Шілде айы әлі басталған жоқ, Өзбекстанды аптап ыстық қуырып барады. Ауа температурасы көлеңке жердің өзінде +40 градусқа жуықтайды. Ыстықтан қалай қорғану қажеттігі жайлы мамандар тұрғындарға күн сайын жедел ақпарат таратуда. Жанына сая іздеген үлкендер өзен-көлдерді жағалап кеткен, ал балалар субұрқақтардың маңайынан шықпайды.

Ташкентті қақ жарып ағатын Анхор каналы - елдің суға түсу үшін ең көп баратын жері. Алайда арнайы жағажайда емес, кез келген жерде шомылу өмірге қауіпті екеніне жұрт мән бермейді. Салқындағысы келген тұрғындардың бірі аяқ-қолын әйнек тіліп жарақаттаса, енді бірі қауын-қарбыздың қалдықтарын тастап, айналаны ластап жатады.

Зухриддин Қурбонов, Ташкент қалалық ТЖ басқармасының қызметкері:

Тұрғындардың тек рұқсат етілген аумақтарда ғана шомылуына болады. Бірақ бұл талапты көпшілігі ескере бермейді. Сол себепті күн сайын рейдтік тексерулер жүргізуге көштік.

Ми қайнатар ыстықтан адамдар ғана емес, жан-жануарлар да қорғанып әлек. Ауылдарды былай қойғанда, қаладағы тұрғын үйлерде жылан қаптаған. Төтенше жағдай қызметкерлерінде дамыл жоқ. Шақырту тым көп, бір тұрғын ауабаптағыштың ішіне жайғасқан жорғалағыштан құтқарыңдар десе, екінші бірі «жылан тура жатын бөлмеме кіріп кетті» деп хабарласқан.

Дәрігерлер аптап ыстықта далада көп жүрмеуге кеңес беріп, тұрғындарды денсаулығына немқұрай қарамауға шақырады. Күн райы көлік тасымалына да әсер етті. Пойыздың жылдамдығына шектеу енгізілген. Бұған рельстердің шамадан тыс қызып кетуі себеп. «Узтеміржолаушы» компаниясы пойыздардың бекітілген кестеден кешігетіні жайлы үздіксіз ескерту жасап жатыр.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу