Қорғаныс саласындағы ең сәтті жүзеге асып жатқан цифрлық жоба – әскерге есепке алу мен шақырудың онлайн ұйымдастырылуы. Қызмет eGov.kz порталы арқылы көрсетіледі.
Шақыру кезеңі, жеңілдіктер мен босатулар туралы ақпараттың барлығы электронды түрде беріледі. Бұл бастама қағазбастылықты азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған.
Цифрлық әскери комиссариат жүйесі әзірге Астана, Шымкент қалаларында және Жетісу мен Батыс Қазақстан облыстарында іске қосылды. Ал қалған 7 өңірде шақыру жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады.
Айта кетейік, жоба Қорғаныс министрлігінен бөлек, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ішкі істер ведомстволары және прокуратурамен интеграцияланған.
Фархат Айдарбаев, ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник:
Қазір жас баланың ЖСН-ін енгізсек, оның қандай медициналық комиссиядан өткені көрінеді. Бұрын қағазын жинап, машақаттанып жүретін болса, қазір бәрін цифрландырдық. E-медосмотр деп аталады. Оның ішінде баланың денсаулығы, білімі, ортасы, сотталған-сотталмағаны, қайда есепте тұрғаны — бәрі осы жүйеде көрінеді.
