Таяу Шығыстағы қақтығыстардың туризмге әсері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таяу Шығыстағы қақтығыстардың туризмге әсері

27.06.2025

Соңғы жылдары Таяу Шығыс тынышсыз. Иракта, Сирияда одан кейін Палестина мен Иранда соғыс өрті тұтанды. Бұл қақтығыстар өңірдегі ғана емес, әлемдегі саяси-экономикалық жағдайға да кері әсер етті. Мұндайда отандастарымыздың жазғы демалысын өткізуді құп көретін Түркиядағы жағдай не болып жатыр? Табысының басым бөлігін туризмнен тауып отырған түрік еліне өңірдегі соғыстардың салдары қандай? Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы зерттеп көрді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркия жылдық табысының басым бөлігін туризмнен табады. Төрт жағалауын теңіз шайып жатқан бұл елге жыл сайын шамамен 60 млн-ға жуық турист келеді. Ал Түркияға ең көп саяхатшы келетін 5 елдің бірі Иран. Сондықтан Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс Түркияның туризм саласына кері әсер етуі ықтимал деп топшылайды мамандар.

Ержан Демирдің туризм саласында кәсіп істеп жүргеніне 30 жылдан асты. Бүгінде Стамбұлда шағын қонақ үйі бар. Кәсіпкер бірнеше жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, өңірдегі қақтығыстардың туризмге айтарлықтай әсері бола қоймайды дейді.

Ержан Демир, кәсіпкер:

Соғыс болып жатқан аймақта туризммен айналысу оңай емес. Біз бұны Ирактағы және Сириядағы соғыстарда көрдік. Дегенмен адамдар соғыстан, атыс-шабыстан шаршап, тыныш елдерге барып демалуды қалайды. Бұл тұрғыда Түркия бейбіт, әрі өзгелермен тату ел болғандықтан соғыс болып жатқан өңірлердің халқы бізге келуге тырысады. Сондықтан қазіргі қақтығыстар туризм саласына кері әсер етеді деп ойламаймын.

Ал халықаралық сарапшылар Таяу Шығыстағы қақтығыстардың Түркияға көршілес елдермен сауда-саттықта немесе логистикаға ғана әсері болатынын айтады. Туризм бағытында алаңдауға еш негіз жоқ.

Гүнгөр Явузаслан, халықаралық саяси сарапшы:

Түркия шекарасын бекемдеп, өз территориясында барлық қауіпсіздік шараларын сақтап отыр. Туристік аймақтарымызға, әуежайларымызға, порттарымызға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан өңірдегі қақтығыстардың Түркияға айтарлықтай әсері болмайды.

Статистикалық мәліметтерге сай, пандемиядан кейін Түркияға келетін турист саны жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы 62 млн 200 мың саяхатшы келіп, Түркия тарихындағы ең көп турист тіркелді. Ал биыл мамандар Түркияға 65 млн турист келеді деп жоспарлап отыр. Яғни жылы теңіз бен сапалы қызмет іздеген туристерге өңірдің тұрақсыздығы кедергі болмайтын сыңайлы.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу