Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі өзгереді

27.06.2025

Елімізде әскерге шақыру тәртібі өзгереді. Азаматтарға шақырту қағаз түрінде емес, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы келеді. Қазір тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді, көшеден ұстап әкету фактілері тыйыла ма? Сюжеттен көрелік.

Бұл – бозбалаларды күштеп автобусқа тиеп жатқан кадрлар. Даулы тақырып талайдан бері талқыланып жүр. Өткен аптада ғана Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы мәселені көтерді. ЖОО-ға қабылдау уақыты мен әскерге шақыру мерзімдері сәйкес келмейді. Салдарынан университетке түсіп, бірақ студент статусын алып үлгермеген жастарға казармада түнеуге тура келеді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Біздің қабылдау бұйрықтарымыз шілденің соңы, тамызда ғана шығады. Сондықтан осы бір екі айдың ішінде ілініп кетеді. Студент әлі мәртебесі берілмеген. Сондықтан оны әскерге алуға құқылы. Сол мерзімді біз қазір сәйкестендіріп жатырмыз. Өз шешімдерімізді толықтай қабылдап студент мәртебесі берілген жағдайда, олар өздерінің оқуларын жалғастыра береді.

Бірақ қорғаныс министірлігіне әлі ешқандай ұсыныс түспеген көрінеді. Ал оқуға тапсырған талапкерді әскерге алып кетпес үшін ол арнайы арыз жазуы керек екен.

Фархат Айдарбаев, ҚР ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник:

Жалпы сұраныс жіберілді деп телевидениеден, бұқаралық ақпарат құралдарынан түсті. Бірақ менің өзімнің осы бағыттағы жұмысыма маған келген жоқ қағаз. Мысалы, әскерге шақырылушы, бірақ ол оқуға түсіп жатырған болса алдын-ала келіп арызданып, жаңағыдай жергілікті әскери басқару органдары, оқуға түсемін деген балаларды біздер қақпайлап немесе оларды байлап әскерге әкету мақсатында жүргізіліп жатырған жоқ. Ал енді бұл заңға келтіріп, уақытын өзгерту деген кезде егерде Саясат министріміздің ұсыныстары түсіп, заңнама түрінде өзгерістер енгізетін болса оны біз қарастырамыз.

Биыл Отан алдындағы борышын өтеуге 42 мыңнан астам жас шақыртылады. Азаматтар смс арқылы келген ескертуді елемесе, күштеп алып кету әдісі қайта қолданылады,-дейді жауаптылар.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу