Енді Ресейде дәрігерлер биологиялық белсенді қоспаларды науқастарға тағайындай алады. Тиісті заң биыл бірінші қыркүйектен бастап күшіне енеді. Рұқсат етілген биологиялық белсенді қоспалардың арнайы тізімі жасалады. Тиісті Заңға Ресей президенті қол қойды.
Тізімді Денсаулық сақтау министрлігі мен «Роспотребнадзор» жақын арада әзірлеуі тиіс. Сондай-ақ қоспалар тағайындалуы мүмкін аурулардың тізімі де жасалады. Енді тұрғындар қалаған уақытында маркетплейстерден немесе дәріханалардан қоспаларды сатып ала алмайды.
Александр Арутюнов, еуразиялық терапевтер қауымдастығының бас хатшысы:
Бұл қадам барлық денсаулық сақтау саласына үлкен өзгеріс әкеледі. Биологиялық қоспаларды шектеу бойынша шаралар бірнеше жылдан бері жүзеге асуда. Жиналған тәжірибенің нәтижесінде осы шешім қабылданды. Бұл жердегі басты мақсат – халықтың денсаулығын арттыру.
Роспотребназордың мәліметінше, ресейліктердің 80 пайызында витамин жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан тұрғындар тек маркетплейстерден жылына 400 миллион биологиялық қоспаға тапсырыс береді. Әсіресе Қытай, Жапония өнімдерін жиі қолданады. Сапасыз қоспадан өлімге әкелген фактілер де бар. Жаңа заңға сәйкес диеталық қоспалар мен оларды жасау үшін шикізат сапасының құрамы, өлшемдері белгіленеді. Дәрігерлер тек отандық биологиялық қоспаларды тағайындауы тиіс.
Алексей Петров, дәрігер:
Дәрігерлеге артылатын салмақ пен жауапкершілік артады, әрине. Өйткені әр ауруханада, әр бөлімде жылдар бойы қалыптасқан өз жұмыс істеу жүйесі бар. Өңірлерде дәрігер жетіспейтіні тағы бар, бұл қосымша уақыт алады. Дегенмен бұл жүйемен де жұмыс істеп көреміз. Қаншалықты оң әсер ететіні белгісіз.
Сондай-ақ заң жобасы тыйым салынған диеталық қоспалардың бөлшек саудасы туралы ақпаратты таратуға тыйым салуды ұсынады. Ақпарат бар сайттар бірден бұғатталады. Мамандар отандық биологиялық қоспалар импортталған тауарға қарағанда 100-200 пайызға дейін қымбат болатынын айтып, қара нарықтағы сапасыз қоспалардан өлім-жітім артатынын алға тартады.
Индира Бегайдар
