Ресейдің Омбы қаласында ҚазҰУ филиалы жұмыс істей бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Омбы қаласында ҚазҰУ филиалы жұмыс істей бастады

27.06.2025

Ресейдің Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ресми түрде жұмысын бастады. Екі ел президенті Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің негізінде Қазақ Ұлттық университетін ресми ашқан болатын. Енді жоғары оқу орнының филиалы талапкерлерді қабылдай бастады.

Бұл Ресейдегі алғаш ашылған қазақ университетінің филиалы. Студенттер алмасу, ғылыми жобаларды бірлесе атқару шаралары қолға алынбақ. Болашақта өзге де жобаларды іске асыру көзделген. Университет филиалында қазақ тілі де оқытылады.

Нұркен Әбдіғали, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рекрутинг Департаментінің директоры:

«Кеден ісі», «халықаралық құқық» және «қазақ тілі мен әдебиеті» оқу бағдарламасы бойынша қабылдау жүргіземіз, бакалавр деңгейінде. Осы үш бағдарламамен жұмыс жасайтын боламыз.

Филиалға Қазақстан азаматтары ҰБТ нәтижесімен, ал Ресей азаматтары сұхбат арқылы қабылданады. Бүгінгі күні Қытай және Моңғолия мемлекетінен абитуриенттер Омбыдағы қазақ университетінде оқуға ынта білдірген.

Жанетта Нұрдинова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Омбы қалалық филиалының директоры:

Қазақ ұлттық университетінің филиалын Омбыда ашу идеясы біздің президенттеріміздің ең жоғары деңгейдегі кездесуінде айтылып, жүзеге асырылды. Біздің филиалға барлық азаматтар, ҚР азаматтары мен Ресей Федерациясының азаматтары және шетел азаматтары түсе алады. Ещқандай шектеу жоқ.

Қазіргі таңда Қазақстанда ресейлік бес университеттің филиалы ашылған. Оларда 1500 студент білім алады. Іргелес елде 60 мың отандасымыз оқып жатыр. Соңғы жылдары Ресейде қазақ тілін үйренем деушілердің саны артқан.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу