Америкада іргесі 150 жыл бұрын қаланған Colorado School of Mines университеті бар. Бұл тау-кен саласындағы мамандарды даярлайтын әлемдегі ең бірінші және үздік оқу орны. Сол университет жаһан бойынша тұңғыш рет филиалын ашайын деп жатыр. Қай жерде дейсіз бе? Қазақстанда! Ең қызығы Астана мен Алматы сияқты ірі мегаполисте емес, Ұлытау облысы таңдалыпты. Бұл сенсациялық жаңалық қайдан бастау алды? Тілшіміз баяндайды.
Тарихи сәт, құнды құжат. Енді Colorado School of Mines унивеситетінің филиалы Қазақстанда, Жезқазғанда ашылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен америкалық университеттің жаһандық бастамалар жөніндегі вице-президенті Джон Брэдфорд меморандум арқылы ынтымақты қуаттады.
Джон Брэдфорд, Colorado School of Mines унивеситетінің жаһандық бастамалар жөніндегі вице-президенті:
Қазақстан – табиғи ресурстарға бай ел. Оның үстіне осы салада тәжірибесі мол. Біз тау-кен бағытында, өндірістегі мамандарды даярлап, біліктілігін арттыруға мүдделіміз. Қазақстанды осы бағытта қолдайтынымыз үшін қуаныштымыз. Тағы бір себеп – Қазақстанда ғарыш айлағы бар. Бұл салада сіздердің мол тәжірибе мен мүмкіндікті тау-кен саласын зерттеп, дамытуға бағыттау мақсаты тұр.
Әлем бойынша тау-кен саласында алғашқы орында тұрған білім ордасының қосыны Ұлытау техникалық университетінің базасында ашылады. Толық академиялық бағдарлама келесі оқу жылында басталып, 600-ге жуық студент қабылданбақ.
Ең бастысы олар грантпен білім алады және жұмыспен қамтылады. Colorado School of Mines-тың негізінде геофизика, геология, тау-кен және мұнай-газ инжиниринг салалары бойынша мамандар даярланады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
«Қазақмыс» корпорациясымен бірігіп, Жезқазғанда, Ұлытау өңірінде осы жаздың соңында үлкен геологиялық кластер ашылатын болады. Сол кластердің негізінде енді бөлек мамандандырылған тау-кен мектебі ашылады. Енді Colorado School of Mines ең мықты оқытушылары, біздің министрліктерге, ірі тау-кен компанияларға кадрларды даярлайды.
Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде үздік шетелдік бес ЖОО-ның филиалдарын ашу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі жаңалық сол тапсырманың орындалып жатқанының бір көрінісі.
Жалғас Сәдібекұлы
