Өзбекстанда БҰҰ-ның қолдауымен мемлекеттік қызмет жөніндегі халықаралық форум өтті. Оның жұмысына біздің елден де арнайы делегация қатысты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Астана ХАБ өкілдері өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті.
Жиында жасанды интеллектіні мемлекеттік қызмет саласында тиімді қолдану, басқару тәсілдерін оңтайландыру секілді мәселелер қамтылды. Кадр іріктеуді толықтай сандық жүйеге көшіру, мансаптық өсудің жаңа моделі сынды тың тақырыптар да бар. Шетелдік әріптестермен білгенімізді бөлісіп, керекті мағлұмат алуға мүмкіндік болды, дейді қатысушылар.
Салауат Муксимов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
Бізге де әлемдік тәжірибе, озық ойлар өте маңызды. Бүгінгі форум аясында бірнеше екі жақты кездесу өтіп жатыр. Соның ішінде Қазақстан тарабымен де ұйымдастырылған басқосулар бар.
XXI ғасырдағы мемлекеттік қызметші қандай болуы керек? Халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер осы сауалға жауап алды. Сандық трансформация, кадрлық әлеуетті дамыту, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруда әсіресе жастардың үйренері көп.
Шерзод Норбоев, жас маман:
Нақты шешім қабылдап, жаңа серіктестер табуға арналған алаң болды. Мақсат – тиімді инклюзив және инновациялық мемлекеттік басқаруды қалыптастыру. Біз, жастар, осы жолда еңбектенеміз.
Өзбекстанда қазір 800-ге тарта онлайн қызмет түрі қолжетімді. Мемлекеттік ақпараттық жүйені біріктіретін 200-ден астам цифрлық платформа бар. Күн сайын 12 миллионға жуық өтініш түседі. Ал жасанды интеллект технологиялары кеден, салық және көлік тасымалы салаларында белсенді қолданысқа еніп келеді.
Базаркүл Отыншиева
