Өзбекстан тойға түбегейлі реформа жасап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан тойға түбегейлі реформа жасап жатыр

24.06.2025

Өзбекстан тойға түбегейлі реформа жасамақшы. Отбасылық мерекелерді өткізудің жаңа тәртібі енгізіледі. Тойға шақырылатын қонақтар саны ары кеткенде 100 адамнан аспауы керек. Мақсат жемқорлықтың алдын алу, шектен тыс ысырапты болдырмау. Басы артық қаражатты жастардың білім алуы, тіл үйренуі секілді пайдалы нәрсеге жұмсау. Бұл мәселені елдің президенті тікелей бақылауына алған. Ал оның жүзеге асуына мәдениет министрлігі, отбасы және әйелдер ісі, сондай-ақ дін істері комитеті жауапты болмақ.

Ташкентте жыл сайын 20 мыңнан астам неке тіркеледі. Бақуат отбасы да, қарапайым жандар да үйлену тойын бар сән-салтанатымен өткізуге ұмтылады. 150-200 адамға арналған тойға 10 000 АҚШ долларына дейін қаражат жұмсалады екен. Той дастарханынан бөлек, қомақты қаржыға атақты әншілерді шақыру, қымбат мейрамханада өткізу, екі жақ бір-біріне бағалы сыйлық беріп, тойға келген қонақтарды да құр қайтармау секілді толып жатқан шығын шаш етектен.

Мирасрор Ахроров, қоғам белсендісі:

Адамдар қолда бар қаржысын есептеп, тойды шама-шарқына қарап өткізуі керек. Бұл мәселені реттеуге биліктің араласқанын дұрыс деп есептеймін. Көп адам той жасаймын деп, қарызға батып жүр. Мәхаллада ағайын туыс, көрші қолаңның басын қосып, қуанышты рәсімді аса дүркіретпей-ақ шағын құрамда тамаша етіп, атап өтуге әбден болады. Бұл өзгеріс тек той ғана емес, құдайы ас, өзге де отбасылық шараларға қатысты болуы керек.

Ел президенті аста төк тойлармен күресті бірнеше жыл бұрын бастаған. 500 адам шақыратындарға шүйлігіп, «мұндай тойды тек жалақыға өткізеді дегенге кім сенеді, тексерілсін» деді. Артынша, шенеуніктердің тойға баруына тиым салды. Содан бері мемлекеттік қызметкерлердің шашылып той жасауы біршама азайған. Бірақ толық тиылған жоқ. Бизнес иелері, қала берді қарапайым халық бір бірімен жарысып той тойлауын тоқтатар емес. Шавкат Мирзиеев дүбірлі той жасаудың бір ұшы жемқорлыққа кеп тірелетінін үнемі айтып келеді.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:

Сыбайластық бүгінгі күннің басты дерті. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың кесірінен әлем бойынша қаншама мемлекет дамымай отыр. Экономика ілгерілеп, заман көшіне ілесеміз десек, барлық салада ашықтық болуын қамтамасыз етуіміз керек.

Ұлан-асыр той жасауды шектеу шаралары Орталық Азияның өзге елдерінде де бар. Қырғызстан соңғы үш жылда той-жиынды қарапайым етіп өткізу мәселесін жиі көтереді. Тәжікстанда дүркіреген тойға тыйым арнайы заңмен бекітілген. Өзбекстанда «отбасылық қуаныштарды өткізуге қойылатын шектеулер жөніндегі ереже» 2019 жылдан бері бар. Енді бұл құжат жетілдіріліп, үкімет қарары ретінде қабылданбақ.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

«Байға да кедейге де бірдей, қарапайым той болсын!». Өзбек елі осындай ұстанымға көшпек. Тойды түбегейлі реформалайтын қарар тамыз айына дейін бекітіледі. Құжат қолданысқа енген соң кортеж жалдап, отшашу ату, мақтан үшін бір бірінен асып түсетін той жарыс болмайды. Тиісті ережеге құлақ аспағандар қомақты айыппұл арқалайды. Ал заңға бағынып, қуанышын қарапайым түрде атап өтіп, өзгелерге үлгі көрсеткендерге мемлекет қаржылай сыйақы береді.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу