Екі күн бойы Ыстанбұлда өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері қатысқан 51-сессиясының қорытындысы бойынша арнайы декларация қабылданды. Маңызды құжатта Израиль мен Америка Құрама Штаттарының Иранға жасаған шабуылдарын айыптап, Таяу Шығыстағы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажеттігі жазылды. Сондай-ақ Палестинада тез арада атысты тоқтату талап етілді. 40-тан аса елдің министрлері, оның арасында Қазақстан да бар, өңірдегі бейбітшілікті сақтап, халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болу үшін арнайы жұмыс тобы құрылатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, осы халықаралық жиын аясында Иран Сыртқы істер министрі арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Аббас Аракчи, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі:
Біздің елімізге агрессорлық пиғылдағы шабуыл жасалды. Мұндай жағдайда біз өзімізді қорғауға құқылымыз. Сондықтан қандай жауап қажет болса да қайтарамыз. БҰҰ-ның қарарлары, халықаралық құқық пен негізгі принциптер бұзылып жатыр. Бұл еш негізсіз жасалған заңсыздықтың барлығына ресми Вашингтон жауап беруі тиіс.
Айдос Әшімұлы
