Ташкентте Орталық Азия елдерінің тұңғыш экологиялық технологиялар көрмесі өтті. Қазақстандық павильондар үздіктер қатарында. Ауқымды щарада еліміздің экология министрлігі жасыл құрылыс материалдары, экожүйені құру тетіктері бойынша стартап жобаларын таныстырды.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Экологиялық технологиялардың халықаралық көрмесі тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Аймақ елдері ең озық деген жобаларын ала келген. Жаңашылдықтың лебі ескен жұмыстар әртүрлі болғанымен, мақсатымыз жасыл трансформацияны ілгерілету.
«Eco Expo Central Asia» көрмесін өткізу бастамасын әу баста екі елдің экология министрлері көтерген. Орталық Азияның жасыл технологиялар, қоршаған ортаны қорғау бойынша инновациялық көшбасшылары бас қосқан шара өзара тәжірибе алмасу, сындарлы диалог жүргізу алаңына айналды.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Біздің ортақ мүддеміз қоршаған ортаның қауіпсіздігін арттыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыру. Қазақстанда қолданысқа енгізілген, тиімділігін көрсетіп үлгерген тың жобаларды алып келдік. Әріптестеріміз тарапынан қызығушылық жоғары.
Көрмеде Қазақстанның ұлттық павильоны таныстырылды. Көпшіліктің назарын аударған құрылғының бірі пластик құтылар қабылдайтын аппарат. Қазақстанда жасалған. Өте ыңғайлы технологияны айналдыра қарап жатқан адам көп.
Көрші елде де ауқымды реформалар жүзеге асып жатыр. «Жасыл мекен» жобасы аясында жыл сайын 200 миллион түп ағаш егіледі. Жасыл энергияның үлесін 50 пайыздан асыру үшін ірі жобалар іске қосылған.
Баракабек Нуруллоев, Өзбекстан Республикасы мемлекеттік экологиялық инспекция орталығының бөлім басшысы:
Экологияны сақтауда шекара жоқ. Өзіміз өмір сүріп жатқан дәуірдегі басты мәселе - қоршаған ортаны қорғау. Жұмыла әрекет етсек қана оң нәтижеге қол жеткіземіз. Бұл мақсаттағы шаралар тоқтамауы тиіс.
БҰҰ есебіне сай, соңғы 50 жылда табиғи апаттар 5 есеге артқан. 2 млрдтай тұрғын су тапшылығын сезініп отыр. Жердің құнары кеміп барады. Міне, осы секілді проблемалармен күресте нақты жобалық ұсыныстар қажет. Көрме аймақ елдеріне өзара инвестиция мен үздік технологиялар тартудың жаңа мүмкіндігін ұсынды.
Базаркүл Отыншиева
