Израильдің бүгінгі әуе шабуылы кезінде Иран қарулы күштерінің бас штабының жаңа бастығы Әли Шадмани мерт болды. Израиль армиясының бұл мәлімдемесіне қатысты Иран билігі әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран жұртына түгелдей көшу туралы үндеу жасады. Қазір мыңдаған адам Иран астанасынан кетіп жатыр. Бірақ жолдар бөгеліп жатқандықтан, халықтың эвакуациялануы қиынға соғып отыр. Тегеранда жарылыс жаңғырығы естіліп жатыр.
Әмір Саид Иравани, Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:
Иран бірінші боп Израильге қарсы шабуыл жасаған жоқ. Иран емес соғысты бастаған. Израильдің өмір сүруіне төнген қауіп деген жалған сөз. Ол басқыншылықты ақтауға және Израильдің әскери қылмыстарын жасыру үшін қолданылады. Израильге көмектескен кез келген мемлекет салдары үшін жауапкершілікті бірге арқалайды.
Иран «Моссад» барлау қызметінің штаб-пәтеріне соққы берді.
Ал Иран болса, Израильдің әскери барлау ғимаратына және «Моссад»-тың штаб-пәтеріне соққы берген. Мұны Иран телеарнасы хабарлады. Шабуылдың салдары туралы ақпарат әзірге жоқ. Екі ел арасындағы әуе шабуылы 5-күн қатарынан жалғасып жатыр. Иранда Израильдің шабуылдарынан 224 адам қаза тапса, Израильде 24 адам мерт болған. BBC-дің сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Израильдің көздегені Иран режимін құлату болуы мүмкін.
Исраэль Кац, Израиль қорғаныс министрі:
Иран диктаторына Израиль азаматтарына қарсы әскери қылмыстарды және зымыран шабуылдарын тоқтатуды ескертемін. Ол Израильге қарсы осы жолды таңдаған көрші мемлекеттің диктаторына не болғанын есіне түсіруі тиіс. Тегерандағы режимге тиесілі және әскери нысандарға қарсы шабуылды бүгін де жалғастырамыз.
Арай Төлеген
