Қазақстандық шахматшылар әлем біріншілігінде күміс медаль жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық шахматшылар әлем біріншілігінде күміс медаль жеңіп алды

16.06.2025

Қазақстандық гроссмейстерлер Лондонда өткен әлем чемпионатында күміс медаль қанжығалап, үздіктердің қатарынан табылды. Шахматтың рапид және блиц түрлері бойынша өткен командалық жарыс туралы Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова баяндайды.

Біріншілік бұған дейін Астанада өткен болатын. Эстафетаны биыл Лондон алды. Ұйымдастырушысы - Халықаралық шахмат федерациясы. Жарысқа еліміздің атынан KazChess, «Барыс» және Rookies атты 3 команда қатысуда.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы директоры:

Бүгін енді бірінші тур аяқталды. Командаларымыз жеңіске жетті.

Жарыс шахматтың рапид және блиц сияқты жылдам түрлері бойынша өтіп жатыр. Отандық құрамада әлем чемпиондарымен қатар әуесқой шахматшылар да бар.

Қазыбек Нөгербек, «Барыс» ұлттық құрамасының капитаны:

Ойын қиын болады. Бірақ жақсы ойнауға, әрине, тырысамыз.

Қарсыластар әлемнің ең мықты гроссмейстерлері. Отандастарымызға Германия, Үндістан және жергілікті шахматшылармен шаршы тақтада тайталасуға тура келеді.

Малкольм Пейн, Англия Шахмат федерациясының халықаралық директоры:

Меніңше, бұл инновациялық, бірегей шара. Ол кәсіпқойлармен қатар, рейтингісі жоғары әйелдерді және әуесқойларды да қамтиды.

Біріншілікте сырттан легионер шақыруға рұқсат етілген. Ойыншылар қатарында Англия мен Израильдің атынан қатысып жатқан қазақстандық әуесқой жас спортшылар бар. Оларға деген сұраныстың артуы еліміздегі шахмат деңгейінің өскендігінің белгісі іспетті.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу