Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай Президент елордада Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықты мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды. Президенттің айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады.
Мемлекет басшысы биыл мемлекеттілігіміздің берік тірегі – Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды. Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да – ортақ. Бұл – әділетті, қауіпсіз әрі таза Қазақстанды құру, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз.
Шерхан Жамбылұлы
