Ертең – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мерекеге орай биыл елімізде алғаш рет «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны өтті. Оның аясында он күн бойы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек биыл бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Мәселен, барлық аймақтарда бала құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар жыл соңына дейін толық құрылмақ. Бала құқықтарын қорғау үшін жасалып жатқан өзге де маңызды қадамдар туралы әріптесім тарқатып айтсын.
Елімізде балаларға арналған «111» ұлттық сенім телефонына бір жылда 600 мың қоңырау түскен. Қазір мектептерде де арнайы QR кодтың орнатылғанын білеміз. Жеткіншектер қысымға ұшырағанын сол арқылы ашық айта бастағанымен, кей мектептер әлі де біраз хатты жасырып қалатын көрінеді.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
Осы жылы 282 мектепте балаларға анонимді сауалнама жүргіздік. Сонда балалар ақша бопсалау, буллинг, зорлық-зомбылық туралы, мұғалімдер тарапынан заңсыз әрекеттері туралы жазады. Бірақ мектептер ешқайда хабарласпайды, полицияға айтпайды, инспекторлар келсе, оларға біздің мектепте буллингтің деңгейі нөл пайыз деп айтады.
Баланың өз мәселесін ешкімнен қорықпай айта алуы үшін енді барлық облыстарда басқармалар, аудандарда арнайы бөлімдер ашылады. Онда психологтар, балаларды қорғау жөніндегі инспекторлар жұмыс істейді. Елімізде жеткіншектердің қауіпсіздігімен қатар, білім алуы, денсаулығы мен дамуы да басты назарда. Биыл алғаш рет балаларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған ұлттық бағдарлама әзірленіп жатыр.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
Осы бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, ата-аналармен жұмыс жасау және ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру. Бағдарламаның жобасы қыркүйек айында аяқталып, жыл соңында қабылданады.
Балалардың құқығын қорғауға арналған бұл қадамдар ауқымды өзгерістерге жол ашады. Былтырдың өзінде бірден үш заңға енгізілген түзетулерден кейін біраз ілгерілеу бар. Сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері балаларға жасалған зорлық-зомбылық 24 пайызға, педофилияға қатысты фактілер 41 пайызға азайған.
Жанел Нұрболат
