Түркі тілдес елдердің мәдени-рухани ынтымақтастығы артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі тілдес елдердің мәдени-рухани ынтымақтастығы артады

29.05.2025

Түркі тілдес елдердің мәдени-рухани саладағы ынтымақтастығы артады. Шығармашылық байланыс нығаяды. Бұл жайында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен халықаралық форумда айтылды. Бауырлас елдерге ортақ идеялар талқыланды. Жуырда түркі мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен Будапешт саммитінде көтерілген бастамаларды жүзеге асыру жайы да қамтылды.

Жаһандану кезеңінде мәдениет пен руханият әлемін түрлі «індеттен» қорғау жайы күн тәртібіне шықты. Білім, ғылым мен мәдениет өкілдері айқын мақсаттар төңірегіне топтасуы қажет. Бұл ретте адамзатты рухани құлдыраудан құтқаруды көздейтін платформалардың рөлі зор, десті форумға жиналғандар.

Ақтоты Райымқұлова, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті:

Түркі мемлекеттеріне ортақ әртүрлі сұрақтарды, проблемаларды, біздің мәдени мұраларымызды сақтау жолындағы негізгі мәселелерді талқылаған болатынбыз. Алдағы уақытта Самарқанд қаласында да кездесулер, талқылаулар жалғасады деп ойлаймын.

Жиынның Өзбекстанда өтуі тегін емес. Білім, ғылым мен мәдениетті қолдау бойынша Ислам ұйымына көрші ел жуырда ғана қосылған. Халықаралық форум барысында елдің екінші бас қаласына символикалық ту мен мүсінше салтанатты түрде табыс етілді.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Самарқанд шаһары дүниежүзі халқына «шарқ дурдонасы», яғни шығыстың інжу-маржаны деген атаумен танымал. Сырлы шаһарға биыл ислам әлемінің мәдени астанасы деген мәртебе берілді. Самарқанға жиналған 20-дан астам елдің түркітанушылары, ислам әлемінің ғұламалары көптеген мәселені талқылады. Бірінші кезекте түркітілдес елдерге ортақ мәдени мұраны сақтау жайы бар.

Форумда беделді халықаралық ұйым басшыларымен қатар Ұлыбритания, Ресей, БАӘ мәдениет саласының өкілдері де болды. Мәдени туризмді бірлесе дамыту, ғылым мен өнер саласындағы мамандандырылған оқу орындарына гранттар бөлу секілді жобалар қаралды.

Андрей Малышев, Ресей мәдениет министрінің орынбасары:

Өзара мәдени әрі рухани байланыстар үздіксіз жалғасып келеді. Бұл өте құптарлық. Өнерде шекара жоқ, сондықтан қай кезде болса да бір-бірімізге достық, бауырмалдық көңілмен құшақ жая алатынымыз қуантады.

Форум қонақтары осы сапар барысында Самарқанд қаласындағы тарихи мәдени орындармен танысты.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу