Түркістан облысында шомылу маусымы басталмай жатып, 29 адам суға батып кеткен. Қаза болғандардың 13-і балалар. Осыған орай жергілікті төтенше жағдайлар қызметкерлері судағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүргізуде. Мамандар аудан-қалалардағы каналдар мен арықтарда, жағалау маңын тексеріп, рұқсат етілмеген жерде шомылған тұрғындарға айыппұл сала бастады.
- Ата-аналарың қайда? Үлкендер?
- Жұмыста.
- Демалысқа шығып кеттіңдер ме?
- Бітті ғой.
Кентау қаласына қарасты Хантағы өзенінің бұл аумағында шомылуға тыйым салынған. Соған қарамастан ата-ананың қарауынсыз жүрген екі жасөспірім суға түсуге келген. Тәртіп сақшыларды оларды полиция бөлімшесіне жеткізді.
Жасұлан Әбдірахым, учаскелік полиция инспекторы:
Қазіргі таңда ата-аналарына хабарлап, әкімшілік хаттама рәсімделуде. Демалыс аймағына келушілер сіздерді қатаң түрде ескертеміз, бала-шағаларыңызға қараңыздар.
Ескертуді елемегендерге әкімшілік жаза қолданылады. Жыл басынан бері рұқсат етілмеген жерде суға түскен 53 адамға 729 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бірақ балаларды суда қараусыз қалдырып, мас күйде шомылатындар көп.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, елімізде 600-ден астам рұқсат етілген және 500-ге жуық шомылуға тыйым салынған су айдыны бар. Ал ажалы судан болған қайғылы жағдайлардың статистика көңіл көншітпейді. Соңғы 4 жылда 843 адам суға батып кеткен, оның 260-ы бала.
Асқар Бидоллаұлы, жедел құтқару жасағының аға құтқарушысы:
Жасөспірім балалар судың тереңдігіне де қарамай, судың ұзақтығына да қарамай жүзіп кете береді. Ал жүзіп кете бергеннен кейін, өзінің өкпесінің ауа қысымы тарланған сайын артқа қайтуға шамасы-мұршасы келмей, суға бата бастайды. Ал одан да кішкентай балалар ата-ананың қараусыздығынан суға батып кетіп жатқаны болады.
Шомылу кезеңі 1 маусымнан басталады. Мамандар сол кезде рейдтік шараларды одан әрі күшейтпек. Жағажайларда кезекшілік ұйымдастырылып, рұқсат етілмеген жерлер жіті бақыланады.
Айнұр Әбілқасымқызы
