Жамбыл облысына жер сілкінісін болжау орталығы қажет. Өңір бойынша қазір тек жалғыз кешен жұмыс істеп тұр. «Бұл сейсмоқауіпті аймақ үшін тым аз»,-дейді мамандар. Тіпті орталықты айтпағанда, облыста жер сілкінісі жағдайында халықты құлақтандыратын құрылғылар да жетіспейді. Дыбыстық дабыл жүйесі небәрі 22% -ға ғана қамтылған, оның өзі талапқа сай емес.
Жамбылда жер сілкінісін болжайтын 9 сейсмо станциядан тұратын жалғыз кешен бар. Онда жер асты су мен газға талдау жасайды. Күніне 2 рет химиялық құрамын қарайды. Яғни. сейсмикалық сараптаудан бөлек, геофизикалық, гидрогеологиялық, геохимиялық және GPS бақылау жүргізіледі. Сейсмология институты зілзала қаупі күшті аймақта орналасқан өңір үшін бұл өте төмен көрсеткіш дейді.
Дәулет Сәрсенбаев, Cейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры:
Өкінішке қарай комплексті бір станция бар, бірақ жеткіліксіз. Жамбыл облысында жоқ дегенде 4-5-уін ашу керек. Эпицентр қаладан 200-300 шақырым жерде орналасқандықтан. Сейсмо толқын Тараз қаласына жеткенше бізде ескерту үшін 35-40 сек дейін уақытымыз бар. Ол үшін үлкен ғылыми, сейсмикалық станциялар орнату керек. Облыстың әкімшілігі, сол кісілерден бастап ойлану керек.
Жергілікті билік болжау орталықтары жоғын жасырмайды. «Станцияларды салуға салалық министрлік мүдделі. Алайда орнату бойынша ортақ жұмыс жоспарда жоқ» ,-дейді. Есесіне зілзалада іске қосылатын сиреналық құрылғыларды көбейту керек. Бүгінде мұндай құрылғының 4/1-і ғана бар.
Қанатбек Мәдібек, облыс әкімінің орынбасары:
Бізде енді алдын-ала болжап білу құрылғылары орнатылмаған, ондай облыста мүмкін емес әзірге. Бізде болған жағдайда халықты құлақтандыру, яғни дабыл қағу, құрылғыларымен қамтамасыз етуіміз керек. Құрылғылардың саны шамамен 570-тен астам, ал қазіргі қамтылу пайызы 22%. Төмен қамтылған аудандар бізде Талас, Сарысу ауданы және Шу ауданы.
Былтыр бұл бағытта 90 млн теңге бөлінсе, биылға 320 млн қаралмақ. Алайда ақшаға келгенде Аудит департаментінің айтары басқа. Олар былтыр 7 ауданды тексергенде біраз шикілік шыққан. Құлақтандыру құрылғыларына қаржы бөлу мен бухгалтерлік балансқа алу да дұрыс емес көрінеді.
Әмірхан Баймағанбетов, облыстық Ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары:
2022 мен 2023 жылды қарадық. Сол екі жылға 273 млн теңге ғана бөлінген. Сарысу ауданында 19 болу керек болса, онда біреу ғана алынған, 18-і жетіспейді. Мысалы, Байзақты алсақ 5-еу ғана алынған 23-тің орнына, 18 жетіспейді. Тараз қаласында 51 орнатылу керек етін, оның 39-ы ғана орнатылған, 12-і жетіспейді.
Яғни, 85 құрылғы ғана қойылған. Ал дабыл тетіктері техникалық талап бойынша -50°C суыққа төзімді болуы тиіс. Тексере келе тек -30°C арналғаны анықталды. Олқылыққа жол берген атқа мінерлерден 6 адам айыппұл арқалаған. Айта кетейік, биыл наурызда Меркі және Тұрар Рысқұлов ауданында 5 балдық жер сілкінісі болып, бірнеше нысан бүлінді. Соңғы жер дүмпуі кеше ғана тіркелді. Шығын жоқ.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Жер сілкінісін болжап білу жүйесі аймақта атымен жоқ. Еліміз бойынша тек Алматыда 28 алдын-алу станциясы орнатылған. Енді екі жылда тағы 70-і салынбақ. Министрлік мұрындық болып, қала әкімдігі қаржы қарастырмақ екен. Ал бұл жақсылықтың Жамбылға қашан жұғысты болары белгісіз.
Данияр Әлімқұл
