Лондон Брюссельмен тарихи келісімге келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондон Брюссельмен тарихи келісімге келді

22.05.2025

Брекситтен кейінгі бірінші тарихи басқосу. Еуро Одақ құрамынан шыққаннан кейін экономикасы әлсірегенін мойындаған Лондон Брюссельмен жаңа келісімге қол қойды.

Марина Бекенова, тілші:

Ұлыбритания Брекситтен кейін саудасы тұралап қалғанын алғаш рет жария етті. Еуро Одақтан шыққан соң елдегі экспорт көлемі 21%-ға, ал импорт 7%-ға қысқарған. Енді жағдай әлдеқайда жақсаратынға ұқсайды.

Келісім қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Сонымен қатар, саяхатшылар үшін шекаралық бақылау жеңілдетіліп, Ұлыбритания көміртегі салығынан босатылады. Қылмыс пен көші-қон мәселелері бойынша да байланыс нығаяды. Жастардың еркін оқып, жұмыс істеуіне жол ашылады.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

 Ұлыбритания әлемдік сахнаға қайта оралды. Еуроодақ нарығы біз үшін бұрын-соңды болмаған деңгейде қолжетімді бола түседі.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрайымы:

Біз серіктестіктің жаңа парағын ашып отырмыз. Халқымыздың игілігі үшін тиімді шешімдер іздейміз.

Бірақ Ұлыбритания Еуро Одақтың біртұтас нарығына және кедендік одағына қайта оралмайды. Дегенмен, бұл келісімді құп көрмейтіндер де бар.

Кеми Баденок, Консерваторлар партиясының көшбасшысы:

Еуро Одақ балықшыларына Ұлыбритания суында тағы 12 жыл балық аулауға рұқсат беру ақылға сыйымсыз деп ойлаймын.

Сарапшылар да Лондонның Брюссельдің жетегінде кететіндігін айтады.

Дэвид Хениг, Еуропалық халықаралық экономикалық саясат орталығының сарапшысы:

Келісімдер Ұлыбританияның өз ережелерімен әрекет ету идеясынан бас тартқанын көрсетіп отыр.

Келісім ресми мақұлданғаннан кейін, оны парламент заң жүзінде бекітуі тиіс. Лейбористердің басым бөлігі оны құптағанымен, олардың арасында да қарсылар бар.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу