Қостанай облысындағы Әулиекөл орманында алапат өрттен кейін ағаштарды кесу ісі алты айдан бері тоқтап тұр. 150-ден астам бригада мен 70-ке жуық цехтың жұмысшылары қазір қол қусырып отыр. Тіпті кейбірі шығынға батамыз ба деп алаңдайды, себебі техникалары несиеге алынған. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған себеп кесілетін ағаш аумағы бұрынғыдай келісімшартпен емес, енді аукцион арқылы өткізілмек.
Бәкібай Омаров, кәсіпкер:
Тракторларымыздың көбісінікі лизингте. Оның бәрін төлеу керек. Қазір мынау ағаш құлап, шіріп өтпейтін болса, қалады ғой ол мойнымызда. Аукционды күтіңдер дейді. Бітті. Бір әңгіме аукцион. Ал ол аукцион әне болады, міне болады. Сол әлі сәуірден бері келе жатыр.
Үш жылдың ішінде от шалған ағаштардың шамамен 30-40 проценті оталған. Мамандардың айтуынша, от шалған ағаштарды 3 жылдың ішінде кесіп үлгермесе, кейін кәдеге жарамайды. Сондықтан кідіруге болмайды. Ал Семиозер орман шаруашылығы басшысының айтуынша, аукцион өткізудегі мақсат – жемқорлыққа жол бермеу, ағаш дайындау ісінің ашықтығын қамтасыз ету. Бірақ әзір оның мерзімі белгісіз.
Қалымжан Қазбеков, «Семиозер орман шаруашылығы» КММ басшысы:
Антикор қазір құжаттарымызды тексеріп жатыр. Басқармаға облыс орталығына жібердік. Құжаттарды қазір қарап жатыр. Тексеріс өткен соң, отвод жасаған уческелерді тапсырамыз. Қазір 337 учаске дайын.
Мәдина Нағашыбай
