Түркістан облысының тұрғындары аптап ыстықта ауызсуға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының тұрғындары аптап ыстықта ауызсуға зәру

21.05.2025

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында жұрт аптап ыстықта ауызсуға зәру. Әсіресе халық тығыз орналасқан Телемұнара мен Көктөбе тұрғындарына таза су төрт күнде бір беріледі. Оның өзі күн күрт ысығалы тоқтап тұр, деп ашынады. Тіршілік нәрінен тарыққан жұрт жергілікті биліктен суды уақытылы беруді талап етуде. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Телемұнара Мөлтек ауданының тұрғыны Мадияр Тілеубеков қазір үйіне қолдан құдық жасатып алған. Апта сайын алты тонна су құйғызып, күнделікті тұтынады. Сегіз баланың әкесі мұның өзін үнемдеп қолданамыз дейді.

Мадияр Тілеубеков, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

Мына күннің ыстығын көріп тұрсыздар. Балалар ойнайды, кір болағасын, жуындырамыз. Жуындырмасақ, үстін жара басып кетіп жатыр. Су шақ келмейді бізге. Өкіметтен су әр төрт күн сайын келеді. Оның өзінде 500 литр да ала алмаймыз. 

Көктөбе мен Телемұнара елді мекендерінде 1400-ге жуық түтін бар. Мұндағы халықты таза ауызсумен қамту үшін бес жыл бұрын арнайы ұңғыма қазылған. Бірақ одан шығатын судың көлемі жетпейді. Ал жаз шықса болды, жоғарыдағы үйлерге мүлде шықпайды. Тұрғындардың сөзінше, төрт күнде бір берілетін су екі сағаттан ары ақпайды. Соған қарамастан бағасы да қымбат. Бұрын текше метрі 35 теңге тұратын су қазір 105 теңге. Бірақ көрсетілетін қызметі бағасына сай емес.

Жұмағали Ахметов, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

4 күнде келетін суға 12 мың, 8 мыңнан, ең төмен төлегеніміздің өзі 7 мың, 6 мың теңге болды. Оның арасында тағы бір екі рет су таситын көліктен су кіргіземіз. Сонда жалпы есептейтін болсақ, суға кеткен ақша 40 мың, 30 мыңның үстінде.

Сала мамандары ұңғыманың тек 800 тұтынушыны қамтамасыз ете алатынын айтады. Бірақ қазір тұтынушылардың саны екі есеге жуық өскендіктен, жетпей қалған. Жазға қарай жерасты суының көлемі де азайып кеткен. Сондықтан қосымша Өзбекстаннан келетін каналдан су тарту мәселесі қаралуда дейді.

Серік Қарақұлов, Сарыағаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Р-1 каналының қазір құрылысы жүріп жатыр. 60-70 пайыз жұмыс атқарылды деп айтса да болады. Біткеннен кейін қосымша су қосылады. Сарыағаш қаласында шешілмей жатқан мөлтекаудандарда мәселенің барлығы шешіледі. Жыл соңына жоспарланып отыр.

Бүгінде Сарыағаш қаласында ауызсу мәселесі өзекті болып тұр. 70 мыңға тарта халықтың 30 пайызы суды кестемен алады.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу