БҰҰ: Бүкіл анклавқа аштық қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ: Бүкіл анклавқа аштық қаупі төніп тұр

21.05.2025

Газа секторында жағдай күн өткен сайын ушығып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры бүкіл анклавқа аштық қаупі төніп тұр, деп ескертті. Аштық пен қатар ауру күн сайын өршіп, әсіресе балалар мен қарттардың өміріне тікелей қауіп төндіруде. Израильдің блокадасы мен бомбалауынан мыңдаған адамның өмірі қиылуы мүмкін.

Израиль үш айға жуық бірде-бір гуманитарлық көмек өткізбей, Газа секторын толық блокадада ұстап келді. Тек әлем елдерінің қысымынан соң бір күн бұрын ғана шектеулі көлемде жүк көліктерін өткізуді бастады. Бірақ, бұл теңізге тамған тамшыдай дейді БҰҰ өкілдері.

Йенс Лаэрке, БҰҰ гуманитарлық кеңсесінің өкілі:

Бүгін біз шамамен 100 жүк көлігінің кіруіне рұқсат алдық. Бұл – кешегіге қарағанда көбірек, бірақ қажет мөлшердің қасында тым аз. Уақытша бітім кезінде күніне 600 көлікке дейін кіретін. Егер көмек жетпесе, халықтың үміті сөніп, жағдай ушыға береді.

Бұл мәселенің бір қыры ғана. Ең басты қауіп – дәрі-дәрмектің, арнайы тағам мен ауызсудың болмауы. Жағдай, әсіресе балалар мен босанған аналар үшін өте ауыр. Инкубаторда жатқан нәрестелерге арналған тағамдар, арнайы дәрілер толықтай таусылған. Ауыз су тапшылығынан тұрғындар арасында жұқпалы инфекция жайылып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымы қол созым жерде тұрған өмірлік маңызды медициналық заттар Газаға өткізілмей жатқанын айтады.

Акихиро Сейтаи, UNRWA денсаулық сақтау директоры:

Бұл – адам төзгісіз жағдай. Иорданияда барлық қажетті дәрі-дәрмек пен тағам бар, бірақ біз оларды жеткізе алмай отырмыз. Шекара ашылса, бұл апатты аз уақытта жеңілдетуге болар еді.

Тесс Инграм, ЮНИСЕФ өкілі:

Бүкіл Газа секторы аштық қаупінде тұр. Балалар арасында аштық пен ауру күн сайын өсіп келеді. Қажетті дәрі-дәрмек пен тағамдық қоспалар кірмегендіктен, әсіресе нәрестелер мен әлсіз балалардың өмірі қыл үстінде. Мұндай гуманитарлық дағдарысты бұрын-соңды көрген жоқпыз.

Халықаралық ұйымдар Израильден шекараны ашып, толық әрі үздіксіз көмек жеткізуге мүмкіндік беруді сұрап отыр. Ұлыбритания, Франция және Канада Тель-Авив Палистинадағы әскери әрекеттерді тоқтатпаса, нақты шара қолданатындарын ескертті. Алайда Израиль сыртқы қысымға қарамастан, Газа секторын әуеден бомбылауды тоқтатпай тұр. Бір түнде алпыстан аса палестиналық қаза тапты.

Жалғас Сәдібек


Хабарламаларға жазылу