Енді Астанада мамық түсіретін теректер отырғызылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді Астанада мамық түсіретін теректер отырғызылмайды

17.05.2025

Астанада бір мезетте толып кеткен теректің мамығы тұрғындардың мазасын әбден қашырды. Ұшып жүрген ақ ұлпа әсіресе аллергиясы бар адамдарды біраз әбігерге салды. Аллергологтар мұндайда қалай қорғану керек дейді? Жылда қайталанатын табиғи құбылыстың алдын алу үшін қала әкімдігі не істемек?

Жанел Нұрболат, тілші:

Қала әкімдігіне біз де осы сауалды қойып көрдік. Айтуларынша, айналаны үлпілдекке толтырған теректің тұқымы осыдан 21 жыл бұрын отырғызылған. Қазір халықтың берекесін қашырып, ұлпа түсіріп тұрған солар. Бұдан былай тамыры тереңге жайылатын мұндай ағаштар қалада мүлде отырғызылмайды.

Сағыныш Сағынтаев, Қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы, эколог:

Халыққа қолайсыздық келтірендіктен, біз соңғы кездері терек ағашының пирамидалық түрін отырғызамыз, себебі олардан ұлпа, яғни, мамық шықпайды. Ол ағаштарды ақырын-ақырын біз міндетті түрде ауыстырамыз.

Қазір Астанада 1 жарым миллион ағаш бар. Соның 230 мыңдайы осы мамық түсіретін теректер. Экологтардың айтуынша, оларды ауыстыруға кемінде 5-10 жыл кетеді. Ал оған дейін сақтық шараларын ұстану керек. Өйткені терек гүлдеп, мамық шашқанда коньюктивит, бронхиалдық демікпе аурулары ушығып кетуі мүмкін.

Мариза Әшімова, иммунолог-аллерголог:

Маусымдық аллергия өршіп тұрғандықтан, қазір келіп жатқан науқастар өте көп. Ұйықтар алдында терезені ашпауды кеңес береміз. Өйткені тозаңның барлығы желмен үйге кіріп кетеді. Сондықтан науқастар көбіне таңертең жаман белгілермен оянады. Яғни симптомдары өршіп кетеді.

Мамандар теректің мамық түсіретін маусымы бір аптадан кейін аяқталады дейді. Қазірдің өзінде осыдан бірер күн бұрын қаптаған ұлпа айтарлықтай азайған. Десе де, дәрігерлер гүлдеу маусымы әбден біткенше аллергияны асқындырып алмау үшін бетперде тағып жүру керек деген кеңес айтады.

Жанел Нұрболат


Хабарламаларға жазылу