Украина мен Ресей тұтқын алмасу туралы келісімге келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина мен Ресей тұтқын алмасу туралы келісімге келді

16.05.2025

Стамбұл қаласында өткен келіссөздер нәтижесінде Ресей мен Украина тұтқын алмасу туралы келісімге келді. Ал атысты тоқтату мәселесінде әлі бір тоқтамға келе алмады. Долмабахче сарайында үш жылдық үзілістен соң кездескен делегациялар тағы қандай тарихи шешімдерге қол жеткізді? Бейбіт келіссөздер қалай өтті? 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Кешеден бері бүкіл әлем көз тіккен келіссөздер жаңа ғана аяқталды. Делегациялар төрт сағаттан астам уақытқа созылған пікірталастан соң Долмабахче сарайынан жаңа ғана кетті. Дегенмен тараптар келіссөздер әлі де жалғасатынын мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел 1000 адамға 1000 адам тұтқын алмасу туралы шешімге келді. Украина тарапы Президенттер деңгейінде кездесу өткізу туралы ұсыныс жасаған еді, алайда оны Ресей қабылдамады. Жалпы екі тарап та бүгінгі келіссөздердің нәтижесіне көңілдері толатындарын жеткізді. Ал 2022 жылы дәл осы Долмабахче сарайында басталып, үзіліп қалған келіссөздер араға үш жылдан аса уақыт салып. қайта жанданғаны соғыстың аяқталуға жақын қалғанының белгісі, дейді сарапшылар. Сарапшының пікірін тыңдап көрейік.

Гирай Сайнур Дерман, халықаралық саяси сарапшы, профессор:

Екі бауырлас елдің соғысы тек оларды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Соғыстан барлығы шаршады. Экономикалық, әлеуметтік жағынан көптеген қиындықтар туындады. Сондықтан бұл келіссөздер өте маңызды еді. Ең бастысы бейбітшілікке бағытталған алғашқы қадам жасалды. Алдағы уақытта соғыстың толық тоқтауына да куә боламыз деп ойлаймын.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Бүгінгі жиында екі тарап та бір-біріне алдағы уақытта соғысты толық тоқтатып, бітімге келу туралы нақты қадамдар ұсынды. Бір нақтысы Ресей де, Украина да бұл келіссөздерді әрі қарай жалғастыруға ниетті екендерін білдірді. Мамандар соғысушы тараптар арасындағы мұндай келісім жеңіске бағытталған үлкен қадам екенін айтты.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу