Түркістан облысында жаңа мектептің құрылысы тұралап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жаңа мектептің құрылысы тұралап қалды

16.05.2025

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орта мектептің құрылысы тұралап қалды. Нұрлы жол ауылында бой көтерген білім ошағын салу жұмыстары жылдар бойы сағызша созылып келеді. Осылай деп арнамызға шағым айтқан ауыл тұрғындары құрылыс компаниясының жұмысын ешкім қадағаламайды дейді. Бюджеттен бөлінген қыруар қаражаттың да игілігін көре алмай келеміз деп налиды.

Бұл Нұрлы жол ауылынан салынып жатқан жаңа мектептің қазіргі көрінісі. 200 орындық нысанның қабырғалары көтерілгенімен, бітетін түрі жоқ дейді жергілікті халық. Себебі жұмысшылар шақ келмейді.

Тұрлыбек Сұлтанбеков, Нұрлы жол ауылының тұрғыны:

Жұмыс істеп істеп жатқан адамды көрген жоқпыз. Үй соқсақ та көлікпен зат әкелеміз ғой. Бұлар бір пирожковозбен әкеледі. Терезелерінің бәрі сынып жатыр.

Құрылыс басында бес-ақ жұмысшыны кездестірдік. Оның өзінде жұмыс қарқыны байқалмады. Ал бұған дейін істеген жергілікті жұмысшылар бірнеше айлап жалақы алмапты. Енді көршілес аудандардан құрылысшылар тартылуда.

Нартай Әмзеев, Нұрлы жол ауылының тұрғыны:

25-тей мердігер ауысқан шығар бұл жерде. Күндікке адам жалдап істейді ма, бірдеңе. Осында комиссия келген кезде адамдар болады. Қалған уақытта бәрі кетіп қалады. Өйткені көбісінің айлығын, ақысын бермеген. Үмітіміз үзілді бұған өзі. Сенуден қалдық. Бұны бақылайтын адам жоқ па?

Қарағандылық «Казспецстрой» компаниясы 650 млн теңгеге тендерді ұтып алып, 2022 жылдың соңында тапсыруы тиіс болған. Алайда карантин кезінде қымбатшылық жайлап, қаржысы 2023 жылы қайта қаралған. Яғни екінші рет бөлінген 1 млрд 257 млн теңгемен өткен жылы да тапсырмапты.

Бижан Анарбеков, Мақтаарал аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

Кестеден кешіккен. Соған сәйкес, Түркістан облыстық мемлекеттік бақылау басқармасы тарапынан айыппұлдар салынды. Қазір бұл мектеп сақалды құрылысқа айналды деп тізімге енді. Қазір құқық қорғау органдары бар, со кісілердің де назарына алынған.

Мердігер компания басшылығы жұмыс барысындағы кемшіліктің барлығы қаржының дер кезінде бөлінбеуінен деп отыр. Яғни қаражат тек 2022 жылдың аяғында қарастырылған. Ал былтырғы қаражат биыл бөлінген. Соның арқасында қазір жұмыс кестеге сай жүріп жатқанын жеткізді.

Марал Қаскеров, мердігер мекеме директорының орынбасары:

Бүгінгі күнге міне толық материалмен қамтамасыз етілді. 28 адам жұмыс істеп жатыр. Биыл тамыздың 15-не дейін мектеп тапсырысқа беріледі. Жұмысшыларға жалақы төленбеген бір 4-5 миллиондай қарыз бар шығар. Оны осы қаражат алғаннан кейін міндетті түрде төлеп беріледі.

Десе де жұмыс барысында кеткен кемшіліктер үшін 400 мың теңге айыппұл салынғанын жоққа шығармады. Қалай болғанда да құрылыс компаниясы жаңа ғимаратты жаңа оқу жылына дейін тапсыруы тиіс. Биылдан қалған жағдайда ауыл балаларына қайта ескі мектепте білім алуына тура келеді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу