Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Ал, елімізде 2013 жылдан бастап қыркүйектің екінші жексенбісінде ұлттық Отбасы күні ретінде тойланып келеді. Ал елімізде шамамен 6 млн-ға жуық жанұя бар. Отбасын институтын нығайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр? Қиын жағдайға тап болғандарға уақтылы қолдау көрсетіле ме?
Немерелерінің қызығын тамашалап отырған бұл отбасы – Жентбай әулеті. Батан ата мен Сәуле апа сонау 1993 жылы Моңғолиядан Қазақстанға қоныстанған. Жер ауыстыру оңай болған жоқ. Десе де, бар сынақты еңсеріп, бүгінде алтын тойға жетіп отыр. 5 баладан 16 немере сүйген берекелі отбасының сыры - қандай сәтте де бір-біріне сүйеу бола білуі.
Батан Бұқай, көпбалалы әке:
Үйленгеннен кейін екеуміз ғана болдық. Балалар жас болды, анамыз 2 жылдан соң қайтыс болды. Үйдің шаруасы әйел адамға ауыр екенін өздеріңіз білесіздер. Көмектесіп жіберіп жүрдім.
Сәуле Сафуатқызы, көпбалалы ана:
Екеуміз қосылғалы бір-бірімізге деген махаббатымыз, сүйспеншілігіміз мықты болды. Бұл кісінің зиянкес әуестігінің жоқтығынан сол екеуміз өмірдің қиыншылықтарын жеңдік қой. Ең бастысы қамқорлық қой. Күні бүгінге дейін алақанға салғандай болып жүр.
Өмір болған соң кей-кейде тағдырдың түрлі тауқыметі кезігіп жатады. Мұндайда мемлекеттің қолдауы аса қажет. Мәселен, Айдар мен Алтынжан шаңырақ құрғалы 10 жылға таяды, екеуінің де мүгедектігі бар. Үшінші перзенттерін күтіп жүр. Талай жыл пәтер жалдап күн кешкен. Сосын қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдайтын орталықтар бар екенін естіп, «Жанұяға» бас сұққан. Нәтижесінде, жақында ғана 3 бөлмелі жаңа пәтерге ие болды.
Айдар Гүлбарахов, қала тұрғыны:
Мен көмек сұрағам, балаларды балабақшаға тұрғызу үшін, үй құжаты үшін. Олар көмектесті, сөйтіп пәтер алдым.
Айгүл Болатханқызы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы:
Жылына бізге 30-40 мыңға жуық халық жүгінеді. Астана қаласы бойынша, мысалы, 2 отбасы мүлдем құжаттары жоқ. Балалардың үлкені 10 жасқа келген, мектеппен қамтылмаған. Сол отбасыларды бастан-аяқ толық құжаттарын рәсімдедік.
Иә, бүгінде ел аумағында 112 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олардың санын 200-ден асыру - алдағы жылдың жоспары. Бұл орталықтарда мобильді топтар құрылған. Яғни кез келген отбасылық қиын жағдайларда заңгерлер мен психологтардың көмегіне жүгіне алады. Елдегі отбасы институтын нығайтудың тағы бір жолы – әлбетте үлгілі жанұялардың өмірін насихаттау. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық сайысы ұйымдастырылып келеді.
Ақниет Балтанова
