Елде балалар гинекологиясын дамытудың жол картасы әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде балалар гинекологиясын дамытудың жол картасы әзірленді

15.05.2025

Елде балалар гинекологиясын дамытудың жол картасы әзірленді. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, құжатқа сай, қазірдің өзінде әр өңірге арнайы балалар гинекологы бекітілген. Ақ халаттылар бұл бастаманы құптап отыр. Бұған не себеп? 

Соңғы 5 жылда елде 12 мыңға жуық жасөспірім қыз жүкті болған. Мұндай жағдай былтыр мың қыздың төртеуінде анықталды. Дәрігерлердің сөзіне сүйенсек, соңғы уақытта жеткіншек қыздардың арасында инфекциялық аурулар көбейген.

Зарина Аяған, балалар гинекологі:

Балалар гинекологиясына бүгінде басымдық берілуде. Бұл өзекті мәселе практикамда анасымен еріп келетін жеткіншектер көбейді, 18-ге тола сала келетін науқастарда, жасөспірімдерді түрлі инфекциялар анықталып жатыр. Хламидиоз, адам паппилома вирусы, молочница т.б. инфекциялар көп анықталады, өкінішке орай.

Дегенмен, соңғы 5 жылмен салыстырғанда, қазір ерте жүктілік 42 пайызға төмендеген. Себебі, бұл бағытта алдын алу шаралары күшейтілді. Келер жылға дейін балалар гинекологиясы толықтай жүйеленбек. Қазір жер-жерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Шакизат Халықова, ҚР денсаулық сақтау министрлігі Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:

 Соңғы 10 жылда гинеколог-акушер мамандары балалар гинекологы деп бөлінбеді. Қыз бала дүниеге келгенде жыныстық ағзалардың даму ақауы болуы мүмкін. Ауылды мекендерде, әсіресе аналар оған аса көңіл бөлмейді. Барлық облыстық перинаталдық орталық немесе көпбейінді облыстық ауруханадағы гинекология бөлімдерінде балалар гинекологиясы төсектер ашылды.

Бұл бастамаға қатысты ата-аналар пікірі екіұшты. Бірі профилактикалық тексеруді қолдаса, енді бірі құптамайды.

Пікірлер сан алуан болғанымен, бұл бастаманың мақсаты — кәмелетке толмаған қыздардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау. Бұл ретте ашық әңгіме мен алдын алу жұмыстары шешуші рөл атқарады, дейді мамандар.

Динара Жарқынбек


Хабарламаларға жазылу