Бас мүфти: Тойдағы ысырапшылдыққа тоқтам керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас мүфти: Тойдағы ысырапшылдыққа тоқтам керек

14.05.2025

Бұрын той-томалақ халықтың батасын алу үшін өткізілсе, қазір бәсекелестік белең алған. Бас мүфти мен депутаттар тіпті экономист мамандар тойдағы ысырапшалдыққа тыйым салу керек деп отыр. Бүгінде жар-жардың орнына шетел әнін қойып, мейрамханаға көлікпен кіріп жүргендер бар. 4 қабатты тортты жеп, қонақтарды түйемен түгендендейтіндердің де жазбалары тарап жатыр. Бұған тоқтам бола ма?!

Иә, ел қатары той жасаймын десеңіз, қалтаңыз қалың болуы керек. Мерекелік шараларды ұйымдастыратын продюсерлік орталық мамандары осылай дейді.

Талғар Мырзабек, Продюсерлік орталықтың жетекшісі:

Кейбір жерлерде 8-9 млн теңге тек мейрамханаға кетеді. 8-9 млн тек әртістерге кетеді. 5 млнға той жасауға болады бірақ сіз көп нәрседен бас тартуыңызға тура келеді. Көп нәрсені үнемдейді. Сіз қалаған сервис болмайды. Қайырлы кеш деп амандасатын даяшылар болмайды деген сияқты ғой.

Үйлену тойына 70, 80, 100 тіпті 200 млн теңге жұмсайтындар да бар екен. Ал келесі айда отау құрғалы жатқан елордалық Нұржан Жолдыбай тойға 15 млн теңге жұмсамақ. Қаражаттың біраз бөлігін несиеге алғанын жасырмады.

Нұржан Жолдыбай, қала тұрғыны, асаба:

Қазақтың салт-дәстүрі көп қой. Ырымы бар, дәстүрі, кәде-жорасы бар. 15-20 млн көлемінде ақша кетеді. Бәріміз сол ғой жұрт қатарлы жасап, елден қалмай кімде қандай той сондай той жасауды жоспарлап отырмыз.

Қазір елімізде кердиттің базалық мөлшерлемесі өте жоғары. Сондықтан пайызы көп несиені алуға кәсіпкерлердің өзі жүрексінеді. Ал, бір күндік шаттық үшін қарызға бату ақылға қонымсыз,- дейді, экономистер.

Айбар Олжай, экономист:

Кез келген кәсіпкер, жалпы қаржы саласын, бизнесті білетін адамдар қазір бұндай нарықтық ставкамен кредит алудан қашуда. Ешқайсысы кредит алып жатқан жоқ. Тек жеңілдетілген ставка болса алады. Оның өзі кәсіпке. Ал, осындай жоғары ставкамен тойға жұсау бір күнде өтіп кететін. Ол ақша қайта, адамдар жинап бере ме ешқандай кепілдік жоқ. Осы кезде үлкен тәуекелге барып, кредит алу бүкіл отбасын қарызға батырады. Көптеген отбасыларды білеміз. Әлі күнге дейін 5 жыл бұрын өтіп кеткен тойдың кредитін төлеп жүрген.

Қазір той жасаудан теріскей де Оңтүстік өңірден қалысып жатқан жоқ. Қаладағы әр продюсерлік орталық аптасына 10-12 той өткізеді екен. Хан сарайындай тойханалар, дастарқанға қойылатын тағамның түр-түрі және ерекше сценарий. Бұның бәрі ақша. Әуел баста халықтың батасын алу үішн ұйымдастырлып келген мерекелік шара қазір шоуға айналғандай.

Бүгінде мейрамханаға көлікпен кіру трендке енген. Көлік былай тұрсын түйе мен жылқы мініп қонақтарды түгендеу де сәннің бір түрі. Әлеуметтік желіде осындай видеолардан көз сүрінеді. Түптеп келгенде мұның бәрі сараңдық, ысырапшалдық дейді, депутаттар.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әрине ол жерде бір белгіленген деңгейде байыптылықпен артық ысырапшылдықсыз осындай тойларды тойлаған жөн деп есептейміз.

Көршілес Қызғызстанда үйлену тойында бір ірі қара мал сойылады және 250-ден артық адам шақырылмайды. Қыз ұзатуға келген қонақтар саны да 100-ден аспау тиіс. Ал, құдалық жасау мен кит кигізуге мүлде тыйым салынған. Өзбекстанда да 250 адамға ғана палау тартылуы керек және мерекелік кешке екіден көп әнші мен музыкалық топты шақыруға рұқсат етілмейді. Ал бізде ас берудің өзі бәсекелестікке айналды,-дейді бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

Қазіргі таңда баршамызға белгілі, өкінішке орай, ас беру бір бәсекеге айналып бара жатыр. Сондықтан, ас беру адам баласын қиындыққа кенелтпеу керек, ас беру - қайтыс болған адамның рухына сауабы тиетін, қайтыс болған кісінің жақындарының көңілін жұбататындай дәрежеде өтуі қажет.

Мамандар дін өкілдері мен депутаттар ысырапшылдыққа заңмен тыйым салу керек дейді. Тіпті олай болмаған жағдайда да халық өзі осыған саналы түрде келуі тиіс. Өйткені бір күндік шаттыққа шашқан қыруар қаражатты баланың білім алуына, баспанасына жұмсаған әлдеқайда тиімді,- дейді олар.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу