Түркістан облысында жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте бұзып, 1,3 миллион теңгеден астам айыппұл төлемеген жүргізуші анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға Төлеби ауданында тіркелді. Жергілікті учаскелік инспекторлар Леңгір қаласының көшелерінің бірінде Mercedes-Benz маркалы автокөлікті тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде оның атына ірі көлемде әкімшілік айыппұлдар тіркелгенін анықтаған.
«Қорғау» автоматтандырылған жүйесінің көмегімен жүргізілген тексеріс барысында азаматтың мемлекетке 1,3 миллион теңге берешегі бары белгілі болды. Айыппұлдар бұрынғы жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін, атап айтқанда, жылдамдықты шектен тыс асырғаны, көлікті рұқсат етілмеген орындарға қойғаны және ақылы жолақысын уақытында төлемегені үшін салынған. Қазіргі таңда көлік арнайы айыптұраққа қойылды, ал жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтауды және салынған айыппұлдарды уақытылы төлеуді ескертеді.
