Ер адамдар да кітапханашы бола алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ер адамдар да кітапханашы бола алады

12.05.2025

Кітапхана мамандығын таңдаған ер адамдар сирек. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданына қарасты Ұзынкөл орта мектебінде сондай маман иесі жұмыс істейді.

Кітапханашы Марат Ахметов балаларға жаңа түскен әдибиетті таныстырғанды жақсы көреді. Шәкірттер де мұнда жиі келеді. Кітапты олармен бірге оқып, сюжет желісін талдап, қызығушылығын арттырады. Кітапхана қорында 3 мыңнан аса кітап бар. Марат Серікұлы мектепте 18 жыл еңбек етіп келеді.

Марат Ахметов, Ұзынкөл ауылы мектебінің кітапханашысы:

Ер адамдарды да кітапханашы болуға шақырамын. Оның ешқандай да қиындығы жоқ. Өзім балаларды жақсы көремін. Олармен бірге жұмыс істегенді жақсы көрем. Балалардың кітапханаға күліп кіргенін қалаймын. Қазіргі кітаптардың бұрынғыдан ерекшелігі – иллюстрациясы көп боп келеді. Өте жақсы суреттеледі.

Оқушылар негізінен өзін дамыту, жетілдіру, кәсіби бағдар беру жайлы кітаптарды көп оқиды. Ертек, шытырман оқиғалар туралы көркем әдеби шығармалар да сұранысқа ие. Кітапханада атаулы күндерге орай кітап, сурет көрмелері өтеді. Оны кітапханашы оқушылармен бірге безендіріп, дайындайды.

Фатима Ғалымгерейқызы, оқушы:

Бұл – біздің жерлесіміз Ерлан Жиеналиев жазған «Жәнібек, Сайқын, Шоңғай жеңіс бекеттері» кітабы. Бұл кітапта соғыс кезінде Жәнібек ауданында болған оқиғалар туралы айтылған. Бұл кітаптарды біз эссе жазуға, шығармашылық жұмыстарға пайдаланамыз.

Наз Сақтаған, оқушы:

Мен көбінесе ғылыми, әдеби кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Соңғы оқығаным Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» кітабы. Маған өте қатты ұнады. Мұнда Украина жеріндегі оқиғалар туралы айтылады. Серік пен Борис партизандарға көмектесіп, көп ерлік жасайды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу